Алматыда соңғы он жылда тұрғын үй бағасы екі есеге жуық өсті. Бұрын мегаполистің жоғарғы бөлігінде 2 бөлмелі пәтерді 11,6–12,8 млн теңгеге сатып алуға болатын.

Қазақстанда тұрғын үй бағасы тұрақты түрде өсіп келеді. Мәселен, қазан айының қорытындысы бойынша елдегі алғашқы нарықтағы бір шаршы метрдің орташа құны жылына 12,5%-ға, ал қайталама нарықта 10,2%-ға қымбаттаған.

Ұзағырақ кезеңді алғанда, бағаның өсуі одан да айқын байқалады. “Крыша” порталының мәліметінше, әсіресе бұл үрдіс Алматыда айтарлықтай байқалады.

Мегаполисте соңғы он жылда қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасы шамамен екі есеге өскен. 2015 жылғы қарашада мұнда бір шаршы метрдің орташа құны 433 070 теңгені құрады. Ол кезде Орбита шағын ауданында 2 бөлмелі пәтерді 11,6-12,8 млн теңгеге сатып алуға болатын.

Соңғы он жылдағы ең төмен көрсеткіш 2017 жылғы наурызда тіркелді – 346 810 теңге. Бұл кезеңде нарық экономикалық дағдарыс пен теңгенің девальвациясының салдарын сезініп жатқан еді. Ал қазір Алматыдағы екінші нарықтағы үйлердің бір шаршы метрінің орташа бағасы 803 380 теңгеге жетті. Бұл соңғы он жылдағы абсолютті максимум.

Тұрғын үй бағасы елдің басқа қалаларында да өсті, алайда Алматыдағыдай қарқынды емес.

Мысалы, Астанада 2015 жылғы қараша айының соңында қайталама нарықтағы бір шаршы метрдің бағасы 404 980 теңге болса, қазіргі уақытта 568 530 теңгені құрап отыр. Ең төмен баға 2017 жылғы шілдеде тіркелген – 308 070 теңге.