Көк базарда шетелдіктермен ағылшынша тілдесіп, әлеуметтік желіде танымал болған Алматы облысы Бесағаш ауылының тұрғыны, 9 сынып оқушысы Нұржол Сатыбалдыға екі білдей білім гранты табысталды. Ерекше сәтке көрермендер жуырда Астанада өткен "Қызық Times" концертінде куә болды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Концерт кезінде Қазақ-Америка университетінің басқарушы серіктесі Абылай Алатаев филиппиндік блогерге қазақ тілін "үйреткен" оқушыға екі грант сертификатын табыстады. 9 сыныпқа көшкен Нұржол Сатыбалды үш жылдан соң, мектеп бітірген соң Қазақ-Америка университетінде оқи алады. Одан бөлек оған шетелдік жоғары оқу орнында оқу мүмкіндігі де берілді.
"Ғаламторда видеоларыңды көріп, тапқырлығыңа, алғырлығыңа, біліміңе қатты риза болдық. Бүгін ата-анаң қуанышқа бөлену үшін осы сыйлықты беруді жөн көрдік. Біріншісі — Қазақ- Америка университетінің атынан саған 4 жылға тегін оқуға грант. Мұнымен біткен жоқ. Өзіміздің грантымыздан бөлек, шетелдік Швейцария университетінің төртжылдық гранты. Бүгін үйіңе бір емес, екі төртжылдық грантымен барасың", — деді Абылай Алатаев.