Отандық әнші Жолдасбек Әбдиханов ауыр жарақат алды. Көпқабатты үйдің лифтіндегі техникалық ақау салдарынан әншінің мойын және омыртқасына зақым келген. Бұл туралы әншінің Instagram-парақшасында әкімшісі хабарлады.

Әкімшінің хабарлауынша, оқиға 25 маусымда болған.

"Көпқабатты үйдің лифті кенеттен техникалық ақауға байланысты тоқтап, қатты сілкініс болған. Бір сәттік соққыдан мойын және омыртқа аймағына зақым келіп, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Алғашқы диагноз – омыртқа-аралық дискі қозғалысы, жүйке қысылуы, мойын-бел жарақаты. Бұл – жеңіл жарақат емес. Қозғала алмауы, бас айналуы, сөйлеу қиындықтары бар. Қазір толық тыныштықта, арнайы аппаратпен емделіп жатыр. Дәрігерлер 4-6 айға дейін белсенді жұмысқа, сахнаға рұқсат бермеді", — деп жазды ол.

Мәлімдемеде әншінің барлық шығармашылық жұмыс уақытша тоқтағаны және ол халықтың дұғасына мұқтаж екені жазылған.

"Жоспарланған, уәделескен жұмыстары тоқтап қалғаны үшін — баршаңыздан кешірім сұраймыз", — делінген жазбада.