Шымкентте Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагерлері арасында бильярдтан республикалық турнир басталды, деп хабарлайды 24kz.

Осымен жетінші рет ұйымдастырылған дәстүрлі сайысқа ардагерлер кеңесінің 27 өкілі жиналды. Қатысушылар салтанатты ашылу рәсімінде генерал-майор Сәбет Малғаждар-ұлын еске алып, рухына тағзым етті.

Республикалық турнирдің ашылу салтанатында Сәбет Малғаждарұлының рухына арнап бір минут үнсіздік жарияланды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагерлері генерал-майордың еңбек еткен жылдарын еске алып, қайраткерлігін өзгелерге үлгі етті.

Әділ Шаяхметов, ҰҚК Ардагерлер кеңесінің мүшесі:

- Генерал-майор Жақыпбеков Сәбет Малғаждарұлы табиғатынан өте көпшіл адам. Жанында жүрген жастарды тәрбие беріп, қатардағы қызметкерлеріне дұрыс бағыт беріп, жанына адам жинаған адам. Осындай іс-шаралардың басы-қасында болды.

Құрметті ардагердің өзі ұйытқы боллған турнир жетінші рет ұйымдастырылды. 27 қатысушы төрт топқа бөлінді. Ойындар ашық пирамида ережесі бойынша өрбіді.

Ернұр Тауырбеков, бас төреші:

- Тартысты өтіп жатыр. Ойыншылардың дайындалып келгені көрініп тұр. Төрешілер арасында бас төреші болып, шешілмейтін сұрақтарға барып көмек береміз.

Дәстүрлі республикалық турнир бұған дейін елдің оңтүстігі мен солтүстік өңірлерінде өтті. Ардагерлер арасында ынтымақ пен байланысты нығайту үшін ауыспалы кубок сарапқа салынды.

Қасымхан Есімсейітов, ҰҚК Ардагерлер кеңесінің мүшесі:

- Бұл турнирдің ардагерлер үшін өте үлкен маңызы бар. Біріншіден, сырласып, сұқбаттасып, өткен-кеткенді еске алып, әңгіме-дүкен құрады. Екіншіден, спорттық мәні бар жарыс.

Ардагерлер бильярдтан бөлек әр жылдары волейбол, шағын футбол, шаңғы тебу және шахматтан бақ сынайды.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов