Бүгін тоғызқұмалақ ойынын жасанды интеллект арқылы меңгеретін компьютерлік бағдарлама әзірлеген 20 жастағы Абылай Нұрске есімді жас өнертапқышпен кездесу өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы .
Абылайдың бұл бастамасы тоғызқұмалақты жаңа деңгейге көтерді. Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін жүйе енді ұлттық ойын ережелерін меңгеріп, қарсылас ойыншының әрекетіне сәйкес жауап қайтара алады. Мамандар бұл жобаны тарихи жетістік деп бағалап отыр.
Айта кетейік, 15 жыл бұрын Ернар Шамбаев, Серік Ақтаев және Диана Кенина бастаған топ тоғызқұмалаққа арналған алғашқы компьютерлік бағдарламаларды әзірлей бастаған болатын. Кейін бұл бастама халықаралық деңгейге шығып, канадалық Арти Сандлер жасаған iggamecenter және поляк бағдарламашы Марек Футрега іске қосқан playok платформаларында онлайн тоғызқұмалақ ойнау мүмкіндігі пайда болды. Бұл жұмыстардың барлығында Серік Ақтаев кеңесші ретінде үлкен рөл атқарды.
Содан бері тоғызқұмалақ бойынша әлем чемпионаттары ұйымдастырылып, тіпті пандемия кезінде де жүздеген онлайн жарыс өткізілді. Енді бұл үрдіс жасанды интеллект дәуірінде жаңа тыныс алып отыр.
Бағдарлама авторы Абылай Нұрске жасанды интеллектті ұлттық ойынымызға бейімдей отырып, жаңа техникалық мүмкіндіктерді іске қосқан. Бұл жоба – бір жағынан IT жетістігі болса, екінші жағынан ұлттық мұраға деген құрмет.
1997 жылы IBM компаниясының Deep Blue суперкомпьютері шахматта Гарри Каспаровты жеңіп, әлемге жаңа дәуірдің келгенін дәлелдеген болатын. Енді осыған ұқсас қадамды қазақстандық жастар да жасап отыр.
Жаңа бастама – қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ерекше тарту болды. Абай тоғызқұмалақты терең меңгеріп, оны дәріптеген тұлғалардың бірі болған. Енді сол ұлттық ойын жасанды интеллект арқылы қайта жаңғырып отыр.