Алматы облысы Жалпақсай ауылында 10 жасар баланы талаған иттер жекеменшік оңалту орталығына тиесілі болып шыққан. Мекеме өкілдері бұл жағдайға баланың өзін кінәлап отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Футбол алаңында кеше алаңсыз ойнап жүрген жеткіншекті үш ит талап, сау-тамтығын қалдырмаған. Куәгерлердің айтуынша, олар қоршауды бұзып шығып, алаңға беттеген.
Басылымның жазуынша, жалпы аймақты шолып қарасақ, бұл жерде "Абайлаңыз, иттер" деген үлкен ескерту жазу тұр. Бірақ қоршау шұрық-тесік. Ит түгіл, адам өтіп кете береді. Жалпы ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл – елдімекендегі бірінші жағдай емес.
Оқиға кеше кешке қарай болған. Ауыл балалары әдеттегідей футбол алаңына жиналған. Кенет ескі қоршаудан үш бірдей ит баса-көктеп кіріп, балалардың соңына түскен. Куәгерлердің айтуынша, көбі қашып үлгерген. Ал Михаил есімді 10 жастағы жеткіншекті иттер қуып жетіп, қан-жоса етіп талай бастапты. Сол кезде көлікпен өтіп бара жатқан ауыл тұрғыны жағдайды байқап, дереу бәкісін ала жүгірген. Жалғыз өзі араша түсіп, иттермен алысып жүріп, баланы өлім аузынан алып қалған екен.
"Қанға қақалып жатыр екен. Мені көрді де, "Аға, көмектесіңізші!" деді. Ұл бала екен. Амалсыз питбульге соққы беруге тура келді. Соққы жасадым, бірақ ит маған тап берді де, секіріп кетті. Ал овчарка баланы бермей қойды, тіпті иығынан сүйреп бара жатыр. Содан баланың үстінен секіріп өтіп, овчарканы пышақпен ұрдым. Ол бір жағына қашып кетті. Сосын баланың анасы жүгіріп келді", — деді Жалпақсай ауылының тұрғыны Серік Сақабеков.
Бұл оқиға баланың анасы үшін ауыр соққы болды. Оқиға орнына жеткенде ол Михаилдың құлағы жұлынып, жерде қансырап жатқанын көріп шошыған.
"Балам иттерді байқамай қалған ғой. Олар үстіне шығып, Михаилды жұлмалай бастаған. Мен келсем үсті-басы қан-жоса болыпты. Өте ауыр. Ауруханаға жеткенше есін жоғалтпас үшін сөйлеп бардым. Бірден ота жасады. Ал әлгі иттің иелері баламды бұзық деп, сол иттерге өзі барғандай жала жауып отыр", — деді зардап шеккен баланың анасы Екатерина Бурмистрова.
Куәгерлер ит иелерінің де әрекеті жаға ұстатты дейді. Олар баланы ажал аузынан алып қалып, төбеттерді тоқтатқан ауыл тұрғынына шүйлігіпті. Итке пышақ жарақатын салғаны үшін Михаилды құтқарып қалған азаматтан өтемақы талап еткен көрінеді.
"Таңертең иттердің иесі хабарласып, маған "Екі иттің ақшасын төлейсің, олар – қымбат тұратын иттер" дейді. Сонда мен не істеуім керек еді? Иттерің қымбат екен деп қарап тұруым керек пе? Баланы өлтіріп жатса да тоқтамай, тек қарап тұрайын ба? Өйткені иттері қымбат екен, оның әрекеті дұрыс па сонда?!", — деп ашынды Жалпақсай ауылының тұрғыны Серік Сақабеков.
Баланы бас салған иттер шыққан ғимаратқа қатысты да күмән көп. Құжат жүзінде бұл — бұрынғы мәдениет үйі. Бірақ іс жүзінде 20 жылдан аса мұнда түрлі тәуелділіктен емдейтін орталық жұмыс істейді екен. Ауыл тұрғындары бұл жерді өзара “секта” деп атап кеткен. Өйткені ауласы итке толы, ал ғимараттан түсініксіз дыбыстар жиі естілетінін айтады. Округ әкімдігі бұл нысанға арнайы тексеріс жүргізілетінін мәлімдеді.
"Бұған дейін ешқандай мәселе болмағандықтан, күдігіміз де болған жоқ. Бұл жағдайға байланысты мекеме басшысымен арнайы сөйлескен жоқпыз. Оқиғадан кейін бұл азаматтардың жұмысының тәртібі мен заңдылығы, сондай-ақ ит ұстау құқығы қаншалықты заңға сәйкес екені анықталады. Ветеринарлық станция мен СЭС тарапынан тексеріс жүргізіліп, тиісті шаралар атқарылады", — деді Ұмтыл ауылдық округінің әкімі Ислам Ибатжан.
Балаға шапқан иттерді баққан мекеменің өкілі бұл жағдайға өзін кінәлі санамайтынын ашық айтты. Керісінше, жеткіншек "жеке аумаққа рұқсатсыз кіріп кеткен" деп отыр. Бірақ Михаил футбол алаңынан табылған. Мұны иттің иелері түсіндіріп бере алмады.
"Бұл балалар біздің орталықтың аумағына өздері кірді. Видеосы бар. Ал жедел жәрдем келгенде оны алаңға қарай сүйреп алып шықты. Тұрғындардың сөзі шындыққа жанаспайды. Бізде 4 үлкен ит, 2 күшік бар. Оның екеуін өлтірді. Иттерді өзіміз үшін бағамыз", — деді оңалту орталығының өкілі.
Оқиғаға қатысты Полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, тергеу басталғанын айтты. Қазір Михаил Қаскелең қаласындағы травматология бөлімінде жатыр. Оған алдағы уақытта бірнеше операция жасалады. Жаға ұстатарлық жайттан кейін ауылдағы ағайын бұралқы иттер мәселесін көтеріп, жануарларды тиісті мекемелердің аулауын сұрап отыр.