Түркістан станциясында көлік полицейлері суицидтің алдын алды
Түркістан станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері жаяу жүргіншілер көпірінен секірмек болған жас жігіттің өмірін сақтап қалды.
Көліктегі полиция департаментінің ақпаратына сүйенсек, Түркістан станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің патрульдік қызметінде жүрген полиция кіші сержанты Айдарбек Нұрсұлтан темір жолдардың үстінен өтетін аспалы көпірдің қоршауынан секіруге оқталып тұрған ер жігіттің байқап қалған. Ол әріптестерімен бірге жедел әрекет етіп, ер адамды әңгімеге тартып, көмек келгенше уақытты созуға тырысқан.
Көлік полицейлерінің үйлесімді және жедел әрекеттерінің, сондай-ақ Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерінің арнайы өрт сөндіру техникасымен бірге атқарған жұмыстары нәтижесінде жас жігіт көпірден аман-есен түсірілді. Ол жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Тексеру барысында қала тұрғынының отбасылық және тұрмыстық кикілжіңнің әсерінен ауыр өмірлік жағдайға душар болғаны анықталды. Оған қажетті моральдық-психологиялық көмек көрсетілді,-делінген ведомство мәліметінде.