2025 жылғы 1 шілдеден бастап Германия виза беруден бас тартуға қарсы шағымдану мүмкіндігін бүкіл әлем бойынша алып тастады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы елдің Сыртқы істер министрлігі (СІМ) ескертті.
Ведомствоның мәліметінше, визаларға сұраныс үнемі өсіп келеді.
"2024 жылы Германияның Сыртқы істер министрлігі соңғы бірнеше жылмен салыстырғанда көбірек виза өңдеді – шамамен 2 миллион. Бұл өсім үрдісі әсіресе Германияда тұрақты тұруға арналған ұлттық визаларға қатысты байқалады. 2024 жылы барлығы 485 мың ұлттық виза өңделді – бұл 2023 жылмен салыстырғанда 7%-ға және пандемияға дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда 26%-ға көп", – деп хабарлады министрлік.
СІМ өкілдері кейбір визалық бөлімдер өсіп жатқан сұранысты қанағаттандыра алмай жатқанын және бұл визаға өтініш беру үшін күту уақытын ұзартып жатқанын айтты.
Визаларды өңдеуге қосымша ресурстар босату үшін 2023 жылдың маусым айынан бастап министрлік кейбір шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерде виза беруден бас тартуға қарсы шағым (ремонстрация) беру рәсімін пилоттық режимде тоқтатқан болатын.
"Пилоттық кезеңнің нәтижесі көрсеткендей, шағымдану рәсімін алып тастау кадрлық ресурстарды босатады, оларды визалық өтініштерді қосымша өңдеуге бағыттауға болады. Бұл өз кезегінде визалық өтініштерді көбірек қабылдауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты Германия Сыртқы істер министрлігі 2025 жылғы 1 шілдеден бастап визадан бас тартуға қарсы шағымдану рәсімін бүкіл әлем бойынша алып тастау туралы шешім қабылдады", – делінген министрлік хабарламасында.
СІМ бұл шешім виза өтініштерін өңдеу уақытын қысқартуға көмектеседі деп есептейді.
"Құқықтық қорғаудың тиісті деңгейі сақталады, себебі шағымдану рәсімінің күшін жою заңмен белгіленген құқықтық қорғау мерзімін қысқартпайды. Сонымен қатар, барлық өтініш берушілер виза беруден бас тартылған жағдайда кез келген уақытта жаңа өтініш тапсыруға құқылы", – деп сендірді Германияның Сыртқы істер министрлігі.
Бұған дейін Түркиядағы алапат өрттің Измир қаласына жақындап қалғандығын жазғанбыз.