Алматы маңындағы Жалпақсай ауылында 2025 жылғы 30 маусымда қабаған иттер 10 жастағы баланы талап тастады. Ауыр жарақат алған бала жансақтау бөлімінде, ал полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ауыл тұрғындары болған жағдайды әлеуметтік желі арқылы жариялап, жұртшылықты хабардар етті. Белгілі болғандай, питбуль және екі "қасқыр ит" жекеменшік аумақтан шығып кетіп, футбол алаңында жүрген балаға шабуыл жасаған.

"Қалған балалар қашып үлгерген, бірақ Максим үлгере алмаған, осылайша оған үш ит жабылды. Иттер баланың құлағын жұлып, сан етін тістеп тастаған. Басының да бірнеше жерін қауып алған. Ит иелері кінәні мойындамай отыр", – дейді куәгерлер.

Бала қазіргі уақытта ауыр хәлде жансақтау бөлімінде жатыр.

Куәгерлердің айтуынша, тек екі ер адамның батыл әрекетінің арқасында бала аман қалды. Олардың бірі өз өмірін қауіпке тігіп, питбульді атып өлтіріп, баланы аман алып қалған.

Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, кәмелетке толмаған балаға абайсызда ауыр дене жарақатын келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу басталды.

"Қазіргі уақытта оқиға куәгерлері тергелуде, оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жүргізілуде", – деп хабарлады Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ тиісті сараптамалар тағайындалған, олардың нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.

"Сонымен қатар, оңалту орталығының лауазымды тұлғаларының әрекеттеріне де құқықтық баға берілетін болады. Заң шеңберінде барлық кінәлілер жауапкершілікке тартылады", – делінген хабарламада.

Бұған дейін Қазақстанда 1 тамыздан бастап ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталатындығын жазғанбыз.