Матч нағыз футбол драмасына айналды.

Сауд Арабиясының "Аль-Хиляль" клубы футбол тарихындағы ең үлкен сенсациялардың бірін жасады. Олар ағылшынның атақты "Манчестер Ситиін" Клубтық әлем чемпионатының 1/8 финалында 4:3 есебімен ұтып, жарыстан шеттетті.

Ойынның басынан-ақ интрига күшейе түсті. 9-минутта Бернарду Силва есеп ашып, бәрі "Ситидің" пайдасына шешіледі деген ой қалыптасты. Алайда екінші таймның алғашқы секундтарында Маркос Леонардо таразы басын теңестірді. 52-минутта Малком "Аль-Хиляльды" алға шығарды. Бірақ көп ұзамай Эрлинг Холанд есепті теңестіріп үлгерді.

Ойын қосымша уақытқа ұласып, драма шарықтау шегіне жетті. 94-минутта Калиду Кулибали есепті 3:2-ге жеткізсе, 104-минутта Фил Фоден ағылшын үмітін қайта оятты — 3:3. Алайда, 112-минутта тағы да Маркос Леонардо сахнаға шығып, шешуші гол соғып, матчтың қаһарманына айналды.

Осылайша, "Манчестер Сити" жарысты күтпеген жерден аяқтап, саудиялық клуб ширек финалға жолдама алды.

Сондай-ақ Италияның "Интер" командасы да Бразилияның "Флуминенсе" клубынан жеңіліп, турнирмен қоштасты. Осылайша еуропалық екі алыптың бір күнде жарыстан кетуі турнирдің алғашқы аптасындағы басты сенсация болды.

Клубтық әлем чемпионаты енді ғана қыза түсті. Жанкүйерлерді алда тағы талай тосын сый күтіп тұр.