Қарағандыда жаңа туған нәрестелерді заңсыз асырап алу ісіне қатысты сот процесі аяқталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Тергеу деректері қоғамды елең еткізді: медициналық қызметкердің көмегімен бірнеше отбасы сәбилерді заңсыз рәсімдеп алған. Барлығы 2022 жылы басталған. Перинаталдық орталықтың №2 бөлімінде жұмыс істеген медбике баласы жоқ К. және Б. есімді ерлі-зайыптыларға сәби тауып берём деп ұсыныс жасайды.
Нәрестенің анасы — Ж. есімді әйел. Ол сәбиін ауыр материалдық жағдайына байланысты перзентханада қалдыруға мәжбүр болған.
Медбике осыны пайдаланып, екі тарапты «келіскен».
Сәби перзентханадан шыққан соң, К. мен Б. оны үйіне алып кеткен.
Бірақ баланы заңды түрде асырап алу үшін олар Ж.-мен келісіп, К.-ны баланың әкесі ретінде тіркеген. Сотқа жалған ДНҚ сараптамасын ұсынып, кейін асырап алу туралы құжатты да рәсімдеген.
Бір жылдан кейін сол медбике тағы бір отбасына дәл осындай «қызмет» көрсеткен. Бұл жолы баланы сол Ж. есімді әйелден О. және И. есімді ерлі-зайыптылар алған. Құжаттар тағы да жалған жолмен рәсімделген.
Сот барлық қатысушыларға үкім шығарды: Қабылдаушы ата-аналарға — 8 жыл шартты жаза. Олар пробациялық бақылауға алынды. Биологиялық анасы Ж. — 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Орташа қауіпсіздік колониясында жазасын өтейді. Медбике — 8 жылға сотталды. Ол да орташа қауіпсіздік мекемесіне жіберілді.