Астанада өтіп жатқан бокстан әлем кубогының алғашқы жарыс күні бір спортшымыз жеңіліс тауып, турнирді мерзімінен бұрын аяқтады.
Виктория Графеева жапон елінің өкілі Аяка Тагучиді жарыс жолынан шығарды. Ол ширек финалда Еуропа ойындарының қола жүлдегері түрік қызы Өзер Гиземмен жекпе-жекке шығады.
70 келіде сынға түскен Наталья Богданова үндістандық жастар арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері Санама Чануды тізе бүктірді.
Айта кетейік, Санама Чану жастар арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері.
Наталья келесі кезеңде бразилиялық Панамерика ойындарының чемпионы Мария Дос Сантос Варварамен жекпе-жек өткізеді.
Ерлер арасында Абылайхан Жүсіпов алғашқы айналымда қырғызстандық Алмаз Оразбековке қарсы жекпе-жекте алғашқы екі раундтың қортындысы бойынша жеңіске жеткен. Алайда үшінші раундта Абылайхан Жүсіповтың қабағындағы жарақаты сыр беріп, жекпе-жекті тоқтатуға тура келді. Кейін төрешілердің бір ауыздан қабылдаған шешімімен қырғызстандық Алмаз Оразбеков келесі айналымға шықты.
Айта кетейік, бокстан Әлем кубогы елордада өтіп жатыр. Турнирде 300-ден астам боксшы сынға түсуде.
Ұлттық құрама боксшыларынан бұған дейін Назым Қызайбай мен Әнел Сақыш келесі кезеңге жолдама алған болатын.