2025 жылғы 30 маусымда өткен брифингіде ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Таяу Шығысқа ескертуге қарамастан саяхаттаған қазақстандықтардың эвакуация кезінде әуежайда жанжал шығарғанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оның айтуынша, ең көп сұрақ тудырғандар — Таяу Шығыстағы курорттарға барған туристер.
"СІМ, Туризм министрлігі және туроператорлар бірнеше рет ескерткеніне қарамастан, олар бәрібір сол жаққа ұшты. Кейін әлеуметтік желіде қаншама сұрақ пен шағым пайда болды. Мысалы, Доха әуежайындағы жағдайды көрдік. Шамамен 45 мыңдай турист Қатарда қалып қойған, 2–3 күн бойы не болары белгісіз болды, өйткені ешбір әуе компаниясы ұша алмады – аспан толықтай жабық болды. Соған қарамастан, тіркеу үстінде тұрған 150 отандасымыз нағыз "шоу" көрсетті: "Үкімет қайда? Ұшақ қайда? Неге бізге жағдай жасалмайды? Бес жұлдызды қонақүйіміз қайда?" деді. Бірақ адамдар әлемде не болып жатқанын түсінуі керек қой", — деді Смадияров.
Ол мұндай жағдайда ең маңыздысы – аман-есен елге оралу екенін, ал шағымды кейін де айтуға болатынын атап өтті.
"Ұшып келген соң өзіңіздің әуе компанияңызға не туроператорыңызға шағым түсіре аласыз. Бұл – форс-мажор. Мұны жақсы түсіну керек. Бірақ азаматтарымыз елшілікке шағымды жаудырды. Алғашқы 2–3 күнде бомбалау болып жатқанда, аспан жабық болғанда, Әмірліктер мен Қатарда ешбір ұшақ физикалық түрде ұша алмайтын жағдайда болды. Мұны олар түсінуге тиіс еді", — деді ресми өкіл.
Смадияровтың айтуынша, бұлай наразылық білдіргендер – алдын ала ескертуді елемей, өз бетімен ұшып кеткендер.
"Олар әуежайда айқайлап, аяқпен тарсылдатып, шу мен жанжал шығарды. Шетел азаматтарының барлығы тыныш отырған, тіпті оларға дипломаттар да бармаған. Ал біздің үш дипломатымыз соншама балағат естіді", — деді ол.