Жас жұбайлар үшін бал айы – өмір бойы ұмытылмайтын, романтикаға толы кезең. El.kz интернет порталы шетел асып әуре болмай-ақ, Қазақстанда бал айын әсерлі әрі жайлы өткізуге болатын ең көрікті бес бағытты назарларыңызға ұсынады.

  1. Алматы

Орналасуы: Алматы қаласы.

Алматы – табиғат пен қалалық мәдениеттің тоғысқан мекені. Мұнда жас жұбайлар үшін көптеген романтикалық жерлер мен көңіл көтеретін орындар бар. Бір сәтте тауға шығып, екінші сәтте қаладағы сәнді мейрамханада кешкі ас ішуге болады.

Алматыда жаңа келген жұптар Көктөбеге көтеріліп, қаланың түнгі көрінісін тамашалай алады. Медеу мен Шымбұлақта сырғанақ тебуге немесе жазда тауға серуендеуге болады. Сонымен қатар, қалада романтикалық фотосессия жасап, кешкі асты мейрамханаларда ішіп, SPA орталықтарында бірге демала алады.

Бағалар: Жоғары деңгейлі қонақүйлер мен қызмет түрлері үшін түндік құны 100 000 – 250 000 теңге шамасында.

  1. Көлсай көлдері мен Қайыңды

Орналасуы: Алматы облысы, Кеген ауданы.

Көлсай мен Қайыңды – нағыз ертегідей көріністердің мекені. Бұл жерге жету үшін біраз жол жүру қажет болғанымен, алған әсеріңіз соған әбден татиды. Таудың баурайындағы мөлдір көлдер мен табиғат арасында романтикалық саяхат жасау нағыз ғажап сезім сыйлайды.

Мұнда жұптар Көлсай мен Қайыңды бағытымен жаяу немесе атпен серуендеп, тауға джиппен шығу арқылы адреналинді сезіне алады. Көл жағасында шатыр тігіп, от жағып, табиғат аясында кешкі ас ішуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, жергілікті ауыл тұрғындарының үйіне қонақ болып, ұлттық тағамдардан дәм татып, қазақы қонақжайлықты сезіне алады.

Бағалар: Орташа және арзан. Бір түнге арналған тұрғын үй, глэмпинг немесе ауыл үйіндегі бөлме бағасы 10 000 – 40 000 теңге шамасында.

  1. Бурабай

Орналасуы: Ақмола облысы, Астанадан шамамен 260 шақырым жерде.

Бурабай – қалың орман, биік таулар мен көгілдір көлдердің үйлесім тапқан бірегей мекені. Бұл жерде жас жұбайлар тыныштық пен табиғаттың сұлулығын сезіне алады. Көл жағасында демалып, таза ауамен тыныстау – күнделікті күйбең тіршіліктен алыстап, бір-біріне көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді.

Бұл жерде жас жұбайлар «Оқжетпес» пен «Жұмбақтас» сияқты көрікті жерлерге экскурсия жасап, атпен немесе велосипедпен орман аралап серуендей алады. Сондай-ақ SPA орталықтарда демалып, көл жағасында орналасқан VIP коттедждерде тыныға алады.

Бағалар: Орташа деңгейден жоғары. Қонақүй немесе коттедж жалдау құны бір түнге 50 000 – 150 000 теңге аралығында (маусым мен жайлылық деңгейіне байланысты).

  1. Алакөл

Орналасуы: Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының шекарасында.

Алакөл – жаз мезгіліндегі ең танымал бағыттардың бірі. Көл суының емдік қасиеті, күннің жылы шуағы мен құмды жағажай — бәрі-бәрі бал айын ыстық әрі есте қаларлық өткізуге себеп болады.

Алакөл жағасында ерлі-зайыптылар күнге қыздырынуға, таза суға шомылып демалуға, катамаран немесе скутер жалдап көл үстінде қыдыруға мүмкіндік алады. Кешкісін жағалауда от жағып, жұлдыздарға қарап, бірге уақыт өткізу – ерекше әсер сыйлайды. Сонымен қатар, мұнда тұзды батпақпен емделуге де болады.

Бағалар: Орташа. Қонақүйлер мен демалыс базаларында баға тәулігіне 30 000 – 80 000 теңге аралығында.

  1. Маңғыстау

Орналасуы: Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы және оның маңы.

Маңғыстау – табиғаты ерекше, экзотикалық жерлерді ұнататын жұптар үшін таптырмас мекен. Мұнда теңіз жағалауымен қатар, таулар мен шөл дала қатар жүреді.

Маңғыстауға жаңа келген жұптар Каспий теңізінде кемемен серуендей алады. Сондай-ақ Бозжыра, Шерқала, Отпан тау сияқты көрікті орындарға барып, далалы жердің ерекше энергиясын сезіне алады. Құмды өлкеде фото түсіріп, Ақтаудағы жайлы қонақүйлерде тұрып, SPA қызметтерімен рақаттана алады.

Бағалар: Ортадан жоғары. Түніне бағалар 50 000 – 150 000 теңге шамасында.

Айта кетейік, бұған дейін қай айда еңбек демалысына шыққан тиімді екенін жазған едік.