Қазақстандықтар ресей рублінен жаппай құтыла бастады.
2025 жылдың мамырында айырбастау пунктеріндегі рубльге деген таза сұраныс теріс 35,7 миллиард теңге болып тіркелді. Бұл айырбастау орындары клиенттерден сатып алған рубль көлемі, керісінше, сатылған мөлшерден осы сомада артық болғанын білдіреді. Басқаша айтқанда, халық рубльді белсенді түрде өткізіп жатыр, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.
Бұл көрсеткіш 2020 жылдан бергі ең ауқымды теріс мән болып отыр тек теңгелік емес, долларлық баламада да рекордтық деңгейде. Осымен қатарынан алтыншы ай рубльге деген таза сұраныс теріс аймақта қалып отыр. Мұндай ұзақ мерзімді теріс динамика бұрын тек 2020 жылы тіркелген еді.
Айта кетерлігі, сол уақытта рубль бағамы біртіндеп өсіп отырды: мамыр айындағы орташа айырбас бағамы 6,35 теңге, сәуірде – 6,18 теңге. Яғни, валюта нығайғанымен, сұраныс керісінше төмендеп жатыр.
Доллар мен еуроға сұраныс қандай?
АҚШ доллары. Мамырда долларға деген таза сұраныс 161,5 млрд теңгеге жетіп, сәуірдегі баяу динамикадан кейін күрт өсті. Айдан айға өсім – 2,4 есе, бірақ бір жыл ішінде сұраныс тек 6%-ға ғана артқан. Бағам тұрғысынан алғанда, айтарлықтай өзгеріс жоқ – доллар 0,6%-ға әлсіреп, 511,77 теңге деңгейінде болды.
Еуро. Сәуірмен салыстырғанда еуроға деген сұраныс үш есеге жуық өсті – 4,9 млрд теңгеден 13,8 млрд теңгеге дейін. Дегенмен, жылдық есеп бойынша сұраныс 22%-ға төмендеген. Валюта бағамы да аса өзгерген жоқ: мамырда еуроның орташа бағасы – 577,21 теңге, сәуірмен салыстырғанда бар болғаны +0,1%.
Не өзгеріп жатыр?
Қысқаша айтқанда, қазақстандықтар рубльден жаппай бас тартып, орнына дәстүрлі түрде сенімді саналатын доллар мен еуроға қайта бет бұра бастады. Бұл геосаяси және экономикалық белгісіздіктер аясында халықтың қаржылық мінез-құлқы қалай өзгеріп жатқанын айқын көрсетеді.