Мұндай оқиға облыс тарихында ғана емес, жалпы Қазақстан мен әлем тәжірибесінде сирек кездеседі.
Жамбыл облысының 74 жастағы тұрғыны Валентина Павловна табандылығы мен білімге деген құлшынысы арқылы көпке үлгі бола білді. Зейнеткер жуырда Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде құқықтану мамандығы бойынша жоғары білім алып шықты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Мұндай оқиға облыс тарихында ғана емес, жалпы Қазақстан мен әлем тәжірибесінде сирек кездеседі. Қария жастағы адамның білімге деген құштарлығы, қайсарлығы мен өмірлік ұстанымы кез келген жанға үлгі боларлық.
Проскурина Валентина Павловна бұған дейін экономика мамандығы бойынша жоғары білім алған. Бухгалтерлік есеп пен қаржы саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған. Оның "Лем" баспасынан жарық көрген 20-дан астам оқу құралы бүгінде еліміздің бірнеше жоғары оқу орнында қосымша оқулық ретінде қолданылады. Әсіресе, "Бухгалтерлік есеп: басынан бастап балансқа дейін" атты еңбегі кәсіби ортада кеңінен танымал.
Алайда ол білім жолында мұнымен тоқтап қалмай, заңгерлік бағытта тағы бір белесті бағындыруды мақсат еткен. Бұл шешімге келуіне нақты бір жағдай себеп болыпты.
"Zoom платформасында өткен онлайн жиында Білім және ғылым министрлігінің өкілдерімен заңнамадағы өзгерістер жайлы пікір алмасу болды. Сол жерде мен Кәсіпкерлік кодекске қатысты бір сәйкессіздікті атап өттім. Алайда менің дәлеліме: "Сіз заңгер емессіз, бұл салаға қандай қатысыңыз бар?" деген жауап айтылды. Осы сөз мені терең ойға қалдырды. Өз пікірімді кәсіби деңгейде дәлелдей алу үшін заңгерлік білім қажет екенін ұқтым", — дейді Валентина Павловна.
Осылайша, ол екінші рет студент атанып, білім алуға бел буған. Жасының үлкендігі оған еш кедергі болмапты.
"Білім алуға ешқашан кеш емес. Армандар жасқа қарамайды. Қалауы мен сенімі бар адам кез келген биікті бағындыра алады. Осы жолда мені қолдаған барлық оқытушыларға алғысым шексіз" — дейді ол.