Футбол әлемінде аты аңызға айналған " Барселона " клубы қаржылық дағдарыстан біртіндеп арылып келеді.
Испаниялық басылымдардың мәліметінше, каталондықтар соңғы төлемдерін жасап, бұрынғы ойыншылары мен бапкері алдындағы жалақы қарыздарын толығымен жапты. Аталған тізімде әлем футболының ең танымал есімдері — Лионель Месси, Самуэль Умтити, Антуан Гризманн, Филиппе Коутиньо, Миралем Пьянич, Усман Дембеле және бұрынғы бас бапкер Рональд Куман бар.
Жалпы төленген сома — 121 миллион еуро. Соңғы транш — 16 миллион еуро, оның 6 миллионы тек Лионель Мессиге тиесілі екен.
Бұл "Барселонаның" қаржылық жаңғыру жолындағы маңызды қадамы. Соңғы жылдары клуб трансферлерге шектеу қойып, жалақы қорын қысқартуға мәжбүр болған еді. Қарыздың толық өтелуі каталондықтарға жаңа маусымда қаржылық еркіндік алып келуі мүмкін.
Қиын кезеңді артқа тастаған "Барса" енді жас таланттарға сенім артып, жаңа жеңістерге ұмтылуға толықтай мүмкіндік алады.