Сатушылар үстемеақыны айтарлықтай асырып жіберген.

Құзырлы органдар сауда орындарына тұрақты түрде мониторинг жүргізгенімен, кей сатушылар бағаны аспандатып жіберуді тоқтатар емес, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жыл басынан бері жергілікті тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлеріне үстемеақының көп қосылуына байланысты 103 шағым келіп түскен. Атап айтқанда, тұтынушылар саудагерлер үстемеақыны 15%-дан артық қосқанын айтып, шағымданды.

Шынымен, мұндай жағдайлардың кейбірі расталды. Тіпті, бағаның бір емес, бірнеше есе өскені анықталды.

"Картоптың бағасына үстемақыны артық қосудың 22 фактісі анықталды. Сонымен қатар, 14 сауда нүктесі өсімдік майының, 13 сатушы қарақұмықтың үстемеақысын тым көтермелеп жіберген. Ең жоғары үстемеақы қырыққабатқа қатысты бағада тіркелді. Сатушы оның келісін 100 теңгеге алып, тұтынушыларға 450 теңгеден сатқан. Яғни, үстемеақы 350%-ға жеткен. Сол сияқты сәбізге 275, картопқа 106, пиязға 86% үстемақы қосылғаны белгілі болды", — деді департамент басшысы Нұрсұлу Әубәкірова.

Жалпы, 64 сауда нысаны әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олқылықтарды жоюға қатысты 88 ескерту берілді.