Өңірдегі Ақкөл кентінде мектеп бітіру кешінен кейін 18 жастағы жігітке өзінен үлкен әрі мас белгісіз екі адам шабуыл жасаған, деп жазады inbusiness.kz сайты .

Оқиғадан кейін жігіт ауруханаға жатқызылған. Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі түлектің соққыға жығылғаны туралы ақпаратты растап, бұл оқиға бойынша тергеу жүріп жатқанын түсіндірді.

"Арыз түскен күні Қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігі "Бұзақылық" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жанжалдың барлық қатысушысы дереу анықталып, жауап алынды", – деп хабарлады құқық қорғау органдары.

Басқарма қылмыстық іс аясында оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын қосты. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында.