Алматыда жөке қандаласына қарсы өңдеу жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Zakon.kz.
Әкімдік ақпаратына сүйенсек, қалада жөке қандаласының (халық арасында — "сасық қандала") жаппай таралуына қарсы жасыл желектерге жүйелі биологиялық өңдеу жүргізілуде.
"Қандалалардың көбеюінің басты себебі — ауа райының қолайлы жағдайы: салқын көктем мен кенет ысыған ауа температурасы (+35 °C дейін) олардың көбеюіне қолайлы орта қалыптастырды",- делінген ақпаратта.
Әкімдік жұмыстар күн сайын таңертең және түнгі уақытта жүргізілетіндігін атап өтті. Адам мен жануарлар үшін қауіпсіз биологиялық құралдар қолданылады.
Деректерге сүйенсек, биологиялық өңдеу кезеңдері:
- 1-кезең — сәуірде аяқталды
- 2-кезең — 1–30 маусым аралығында өтуде
- 3-кезең — 5 шілде — 5 тамыз
- 4-кезең — 15 тамыз — 20 қыркүйек
"Жыл басынан бері 2,3 миллион ағаш өңделіп, тұрғындардан 2 мыңнан астам өтініш қабылданды. Қазір шағымдар саны азаюда". Алматы қаласы әкімдігі
Бұған дейін Астана тұрғындарына көшедегі жөндеу жұмыстарына байланысты маңызды ескерту жасалғаны хабарланған болатын.