Билік жобаны пысықтауға кірісті.
Павлодар облысында халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа футбол стадионын салу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Бұл жоба қазіргі уақытта облыстық әкімдік деңгейінде алдын ала пысықталу кезеңінде.
Облыстың сәулет және қала құрылысы басқармасы жаңа стадион салу бастамасының расымен қарастырылып жатқанын растады. Алайда ведомство қолданыстағы Орталық стадионды бұзу жоспарда жоқ екенін атап өтті. Ол жаңа бас жоспар аясында өз орнында қала береді.
Облыс әкімі Асаин Байхановтың айтуынша, қазіргі таңда 2 нұсқа талқылануда:
1. Орталық стадионды күрделі жөндеу,
2. Жаңа заманауи стадион салу.
Егер жаңа арена салынатын болса, ең қолайлы орын ретінде "Спорт-сити" шағына ауданы қарастырылуда.
"12 мың көрерменге арналған жаңа стадион халықаралық матчтарды, оның ішінде еурокубоктық ойындарды қабылдай алады. Қазір жобаны жан-жақты зерттеп жатырмыз. Ал Орталық стадион, ең ықтимал жағдайда, балалар мен жасөспірімдердің жаттығуына арналады. Оны жаңарту жағы да қарастырылады", – деді өңір басшысы.
Әкімнің айтуынша, құрылыс жұмыстары биыл да, келесі жылы да басталмайды, бірақ дайындық шаралары әлдеқашан қолға алынған.
Бұған дейін СДЮШОР "Ертіс" директоры Жандос Ұзақов Орталық стадионды қайта жаңғырту тұжырымдамасын ұсынған болатын.
2023 жылғы қараша айында жүргізілген техникалық сараптама нәтижесі бойынша, стадионның солтүстік трибунасы апаттық жағдайда, ал батыс пен шығыс секторлары күрделі жөндеуді қажет ететіні анықталған.
Осы жағдайларды ескере отырып, облыс басшылығы жаңа, заманауи арена салу нұсқасына көбірек бет бұруда. Мұндай стадион УЕФА талаптарына сай келіп, өңірдегі футболдың дамуына тың серпін беретін спорттық орталыққа айналуы мүмкін.