30 маусым мен 6 шілде аралығында елордада өтетін бокстан Әлем кубогіне қатысу үшін түрлі мемлекеттердің атақты спортшылары Қазақстанға келе бастады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Астанаға алғашқылардың бірі болып Қытай Тайпей құрамасы келіп жетті. Құрамда Олимпиада, Азия және Әлем чемпионаттарының жүлдегерлері бар. Ерлер арасында Кан Чиа-Уэй 70 келі салмақта сынға түседі. Әйелдер сапында Токио мен Париж Олимпиадасының қола жүлдегерлері Хуанг Сяо-Вэнь, У Ши-И және Чэнь Нянь-Чэнь бар.
Сонымен қатар Астанаға Түркия, Өзбекстан, Бразилия, Жапония, Доминикан Республикасы, Польша және Италия құрамалары да келіп жетті. Өзбекстанның әйелдер құрамасы сапында Азиза Якубова, Жасмин Такирова сынды халықаралық турнирлердің жүлдегерлері бар.
Бразилия құрамасының атынан Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері Беатрис Феррейра мен Панамерика ойындарының чемпионы Каролин Алмейда рингке шығады. Польша құрамасы да осал емес – олардың қатарында Еуропа ойындарының жүлдегерлері мен Әлем чемпионатында көзге түскен спортшылар бар. Бұл – жоғары деңгейдегі тартысты жарыс болатынының дәлелі.
Айтулы дода 30 маусым мен 6 шілде аралығында Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді.