Кезінде Шымкент қорғасын зауытынан шыққан миллиондаған тонна өндірістік қалдық әлі күнге экологиялық проблема туғызып келеді. Әсіресе жел соққан күндері беті ашық жатқан қара ұнтақ ауаға көтеріліп, шаңды тозаң қаланы басып қалады дейді сол маңдағы тұрғындар.
Мынау осыдан екі апта бұрын болған жағдай. Сол маңдағы тұрғындардың өзі ұялы телефонға түсіріп алыпты. Айтуларынша, қанша жылдан бері бұл мәселе көтерілгенімен ешкім құлақ аспай келеді.
Гүлзахира Бөбекбаева, қала тұрғыны:
Шаң, үнемі күйе. Күнде шаң сүртеміз. Шаң емес, күйе сүртеміз. Кірді ішке жаямыз. Сыртқа жая алмаймыз.
Гүлназия Балқыбекова, қала тұрғыны:
Үнемі көтеріледі. Терезенің шаңын сүрткен кезде қазанның қара күйесі шығады ғой, тура сондай. Жел тұрсын, тұрмасын терезе ашсаң шаң түседі.
Шымкент қорғасын зауыты 1936 жылы құрылған. Бір кездері қаланың шеті боп саналған аумақ қазір қалың ел.
Ғани Қалмахан – тілші:
Индустриалды аймақта әлі күнге қорғасын зауытынан шыққан 1 миллион тоннаға жуық өндірістік қалдық сақталған. Ғалымдардың айтуынша оның құрамында кезінде дұрыс қорытылмаған ауыр тұздар, мыс, мырыш секілді химиялық элементтердің қоспалары бар. Егер олар ауаға көтерілетін болса қоршаған ортаны ластауымен бірге адам өміріне де қауіп төндіреді дейді олар. Өйткені ағзаға сіңген қорғасынды шығару мүмкін емес деп отыр.
Әбдімәлік Аширов, Техника ғылымдарының докторы, профессор:
Қорғасын қандай мөлшерде болсын суда, ауада жинала береді. Уланған адам біріншіден, көп өмір сүрмейді. Екіншіден, әртүрлі ауруларға душар болады.
Экология департаменті мамандары өндірістік қалдықтың зиянды немесе залалсыз екенін әзірге нақты білмейді. Және заңға сәйкес өз бетінше тексеру де жүргізе алмаймыз деп отыр.
Ермахан Қозыбаев, қалалық экология департаментінің басшысы:
Жеке және заңды тұлғалардан, сол маңайда тұратын тұрғындардан арыз-шағым түсетін болса біздер тексеру өткізуге дайынбыз. Қаншалықты ластайтыны, ластамайтыны осының бәрі тексеру кезінде анықталады.
Қорғасын зауытының өндірістік қалдықтарын қазір жеке инвестор зауыт ашып, қайта өңдеп жатыр. Олар өндірістік аймақта барлық экологиялық талап қатаң сақталатынын айтады.
Бақытжан Болатбеков, зауыттың техника қауіпсіздігі бөлімінің басшысы:
Біз барлық технологияны сақтап жатырмыз. Мембрана деген арнайы материал бар. Сонымен бетін жауып, су себу қондырғысымен 24 сағат су себіліп тұрады.
Кәсіпорын іске қосылғалы 1 миллион тонна қалдық қайта өңделген. Жуырда тағы бір өндірістік желі іске қосылмақ. Өндіріс орны толық қуатымен жұмыс істейтін болса қордаланып қалған өндірістік қалдықтарды әрі кеткенде 4-5 жылда өңдеп, тауысатын болады.
Ғани Қалмаханов