Астана қаласында мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 2025-2026 жаңа оқу жылына арналған топтарды жинақтау жұмыстары басталды.
Бұл туралы Астана қаласының Коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қазіргі уақытта елордада 653 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 99-ы – мемлекеттік, 551-і – жекеменшік, 3-еуі – ведомстволық балабақша. Барлығы 66 281 бала мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамтылған.
2025 жылдың 1 шілде айынан бастап Астана қаласында балабақшаларды топтастыру жұмыстары басталады. Бұл ретте 2 жастан 5 жасқа дейінгі балалар үшін 15 мыңнан астам бос орын қарастырылып отыр.
Осы жылдың қаңтар айынан бастап Астана қаласында ваучерлік қаржыландыру жүйесі негізінде мектепке дейінгі ұйымдарға балаларды қабылдауға арналған пилоттық жоба іске қосылды. Бұл арқылы ата-аналар балабақшаларды таңдап, баласын онлайн түрде орналастыру мүмкіндігіне ие болды. Жыл басынан бері 6 703 балаға ваучер беріліп, балабақшаларға қабылданды.
Жаңа жүйенің арқасында балабақша кезегі 40 мыңнан 30 мыңға дейін қысқарды. Ваучерлерді бөлу кезегі 1 шілдеде жаңартылады.
Ата-аналар INDIGO жүйесінде өз жеке кабинеттеріне кіріп, өтініштің кезекте тұрғанын тексеруі, баланың құжаттарын дайындап қоюы және ed24.kz мобильді қосымшасында тіркелуі тиіс. Балабақшаға қажетті медициналық құжаттарды алдын ала дайындап қойған жөн. Бұл балабақшаларға қабылдау үдерісін жеделдетеді.
20 маусымнан бастап INDIGO порталында ваучер беру, балабақшаға қабылдау және орын ауысыу, күту парақтарының жұмысы уақытша тоқтатылды. 20-30 маусым аралығында балабақшалар балаларды мектепке шығарып, жаңа топтарға дайындық жүргізеді. 1 шілде күні сағат 18:00-де жүйе жаңартылып, ваучерлер мен қабылдау процесі қайта іске қосылады.
Балаларды балабақшаға қабылдау кезінде төмендегі маңызды талаптарға назар аударуларыңызды сұраймыз:
Егер балабақшада екпесі жоқ балалардың үлесі 10%-дан асса, мекеме эпидемиологиялық қауіпсіздікке байланысты қосымша екпесі жоқ баланы қабылдаудан міндетті түрде бас тартуы тиіс. Қабылдаудан дәлелді бас тарту ҚР Оқу-ағарту министрінің №372 бұйрығымен қатаң реттеледі, бұл нормадан тыс шешім қабылдауға жол берілмейді. Егер өтінімде қате құжаттар тіркелсе, балабақша оны "Indigo" жүйесі арқылы ата-анаға қайта пысықтауға жібереді. Қабылдау процесі тоқтамайды, құжаттар түзетілген соң қайта енгізіледі.
Қаланың барлық 6 ауданында қосымша кеңес беру пункттері ашылды. Қазіргі таңда 7 мыңнан астам ата-ана мен балаға кеңес берілді. Бұл пункттерде ваучер кезегіне тұру, орын алу, балабақшамен келісімшарт жасау мәселелері бойынша нақты көмек көрсетілуде.
Жинақтау процесінің барынша ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық жүйеде ата-аналарға арналған "Орындарды босату хаттамасы" және "Жолдамаларды беру хаттамасы" секілді ашық деректер қолжетімді. Барлық ақпарат Білім басқармасының ресми сайтында және ed24.kz қосымшасында орналастырылған.
INDIGO электронды жүйесі арқылы арнайы топтарға, балабақшаларға жолдама алу мүмкіндігі де қарастырылған.
Қосымша ақпарат және кеңес алу үшін: ed24.kz мобильді қосымшасына кіре аласыз, INDIGO жүйесіндегі жеке кабинетіңізді пайдалана аласыз немесе Білім басқармасының ресми сайтын қарауға болады. Сондай-ақ, кеңес беру пунктерінің мекенжайлары да ресми сайтта көрсетілген.