Қазақстандық теннисші Бейбіт Жұқаев өз мансабында тұңғыш рет Уимблдон турнирінің негізгі кезеңіне жолдама алды. Ақтау теннис мектебінің түлегі іріктеу сайысының финалында француз өкілі Лука Павловичті жеңді. Бірінші партияда қарсылас 6:3 есебімен басым түссе, кейінгі үш сетте Бейбіт камбэк жасап, жеңісті жұлып әкетті. Екі жарым сағатқа созылған тартысты матчта отандасымыз 15 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жіберген жоқ.

Бейбіт Жұқаев, теннистен ұлттық құрама мүшесі:

Іріктеу кезеңінен өткеніме қуаныштымын. Себебі былтыр тура осы айналымда ойнап, француз ойыншысынан жеңіліп қалған едім. Сол кездегі ауа райы бұлтты, ыңғайсыз болғандықтан көңіл-күйіме де әсер еткен болар. Бүгін алғашқы сетте жеңілгенде «қателіктерімді қайталамауым керек» деп өз-өзімді жігерлендірдім. Уимблдонның негізгі кезеңіне қатысатыныма өте қуаныштымын.

Лондонда өтетін Үлкен Дулығаның негізгі кезеңінде ел намысын 6 спортшымыз қорғайды. Ерлерден Александр Бублик, Александр Шевченко мен Бейбіт Жұқаев. Ал әйелдерден жекелей сында Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева, жұптық сайыста Анна Данилина кортқа шығады.

Асылбек Данияр