Енді қазақ тілін жасанды интеллект үйретеді, деп хабарлайды 24KZ. Ол үшін «Тіл-Қазына» ұлттық орталығының мамандары отандық өнертапқыштармен бірігіп, жаңа мобильді қосымша ойлап тапты . Биыл қыркүйекте іске қосылатын тың жоба несімен ерекше?

Ниет болса, қазақ тілін үйрену қиын емес. Аягөз Ысқақова осылай дейді. Жат жерде туып-өскен кейіпкеріміз ана тілінде анық сөйлеуді армандайды. Сол үшін күнде қазақша ән тыңдап, тіл мектебіне барып жүр.

Аягөз Ысқақова, Астана қаласының тұрғыны:

- Дәл қазір тіл үйреніп жүрмін. Дегемен менің кемшіліктерімді анықтап, соған сай бағыт-бағдар беретін интеллект-жаттықтырушы қажет. Қанша дегенмен тек тіл клубтарына бару жеткіліксіз. Сонымен бірге грамматиканы жан-жақты түсіндіріп, менің қарқыныма сай жұмыс істейтін жүйе болса деймін.

Алайда мұның да күні алыс емес. «Тіл-Қазына» орталығының мамандары отандық өнертапқыштармен бірлесе жаңа мобильді қосымша ойлап тапты. Ұялы телефонға арналған бағдарлама жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді. Қолданушы тілдік қорын толықтырып қана қоймай, қатемен жұмыс істеп, толғандырған сауалдарына лезде жауап ала алады.

Мақпал Жұмабай, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒП орталығының бас директоры:

- Бұл жүйе осы күнге дейінгі қазақ тілі бағытындағы, қазақ тілі әдістемесі бағытындағы ең озық үлгілерлі өзіне сіңірген. Бұл мобильді қосымшаның тағы бір артықшылығы – ол мұғалімдерге арналғандығы. Яғни жеке кабинет арқылы кез келген қазақ тілін үйрететін мұғалім сабақ барысында қолданатын көркемдік құралдарын жасанды интеллект арқылы жасай алады. Бұл үлкен көлемдегі сансыз мәтіндер, күн сайын жаңа мәтіндер табу оңай емес. Біздің дауыстық көмекшіміз оны генерациялап, дайындап береді.

Мобильді қосымша бұған дейінгі тіл үйренудің барлық озық тәсілін топтастырған. Ол үшін елдегі 30-дан астам ғалымның тіл төңірегіндегі мақалалары зерттеліпті. «Тіпті мәдени ерекшелігіміз де ескерілді», – дейді маман.

Бейбіт Бақтығалиев, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒП орталығының жасанды интеллект бойынша сарапшысы:

- Ең үлкен ерекшелігі – бұл персонализация. Біз жасанды интеллектінің арқасында адамның деңгейіне байланысты, сол адамға керек тапсырмаларды береміз. Екіншіден, бұл әлемдік деңгей бойынша, тіпті «Дуолингода» мұндай жоқ. Бұл айтқаныңды түсінуі, бұл акцентіңді, сөзді дыбыстауыңды тексеру. Адамның айтқанын тыңдап, соған сай кері байланыс береді.

Ал ақпараттық қауіпсіздік ше? Бұл орайда жоба авторлары қолданушының жеке бас мәліметі құпия әрі қатаң қорғалатанын жеткізді. Басты мақсат – қазақ тілінің аясын кеңейтіп, оны баршаға қолжетімді ету. Себебі ана тілімізге қызығушылық өзіміз тұрмақ, өзге ұлт өкілдері арасында да артып келеді.

Дэниэль Джеймс, Алматы қаласының тұрғыны:

- Әкем Нигериядан, анам Польшадан. Бірақ өзімді қазақпын деп есептеймін. Сырты афролық болса да, іші қазақ. Қай жерге бармасам да, күнделікті өмірде мен кішігірім тіл білдім. Дүкенге барғанда «нан беріңізші», – деп сұрай алдым немесе «қара бала» мағынасын білдім. Тіл – ол халықтың кілті.

Қазақ тілін үйренуге арналған қосымша қыркүйек айында іске қосылады. Десе де өнертапқыштар мұнымен тоқтап қалмақ емес. «Қазграмма» жобасын жарыққа шығармақ. Жаңа бағдарлама емле қатесін тексеріп қана қоймай, мәтінді сауатты жазуға үйретеді.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Гүлдана Қален, Ақылбек Есімсейітов