Семейде жүріп келе жатқан автобустың жүргізушісін ұрды деген 45 жастағы жолаушы ұсталды. Бұл туралы ІІМ-нің Telegram-дағы Polisia.kz арнасы мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Оқиға орнында болған куәгерлер күдіктіні видеоға түсіріп алған. Бейнежазбаны Telegram желісінде abainewskz арнасы жариялады.

Автордың жазбасына сүйенсек, 25 маусымда сағат 13:00 шамасында Семей қаласындағы №2 автобуста болған.

"Куәгерлердің айтуынша, жолаушылардың бірі жүргізушімен жанжалға түсіп, автобус қозғалыста болған кезде оның бетінен ұрған", — делінген видео сипаттамасында.

Кейін Ішкі істер министрлігі өкілдері қоғамдық көлікте бұзақылық жасаған азаматты полиция қызметкерлері ұстағанын хабарлады.

"Қоғамдық көлік жүргізушісіне қозғалыс кезінде қол көтерген 45 жастағы азамат анықталып, учаскелік полиция пунктіне жеткізілді.

Бұзақыны жеткізу сәті бейнежазбаға түсірілген. Ол агрессивті мінез-құлық танытып, жолаушылардың өміріне қауіп төндірген. Аталған факт бойынша іс қозғалды. Материалдар сотқа жолданады", — делінген жазбада.