Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық форумда Қазақстанда академиялық экожүйе қалыптастырып, жаңа буын мамандарын даярлау мақсатында халықаралық университеттермен және ғылыми орталықтармен серіктестікке айрықша мән берілетінін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл ретте Президент елімізде Мәскеу инженерлік-физикалық институтының филиалын ашуға қолдау көрсеткені үшін Ресей басшылығына ризашылығын білдірді.

"Биыл Астанада AlemAI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады. Бұдан бөлек, біз жаңа тұрпатты CryptoCity эксперименталдық аймағын құруға кірістік. Бұл криптовалюта саласындағы әлемдік сарапшылар бас қосатын орталыққа айналмақ. Пилоттық жобада біз цифрлық активтерді кеңінен қолдануға байланысты құқықтық және технологиялық шешімдерді сынақтан өткіземіз. Жалпы, Қазақстан ынтымақтастыққа ашық. ЕАЭО-ға мүше елдерді инновациялық кластерлерді, технопарктер мен стартап-инкубаторларды бірлесе іске қосуға шақырамыз. Ондағы ғылыми ізденістер мен технологиялар кейін табысты коммерциялық жобаға айналуы мүмкін, — деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, озық цифрлық технологиялар өзара сауда-экономикалық ынтымақтастығымызға тың серпін бере алады.

"Бұл бағытта біздің мүмкіндігіміз зор. Қажетті стратегиялық құжаттар қабылданған, тәжірибе жеткілікті әрі ортақ міндетті жүзеге асыру жолдары белгілі. Ең бастысы, бізге өзара келісіп, прагматикалық тұрғыдан жедел әрекет еткен жөн. Мемлекеттеріміз жүйелі әрі батыл саясат жүргізіп, Еуразия кеңістігінде күш-жігер біріктірсе, жасанды интеллектіні экономикамыздың жаһандық бәсекелестіктегі тұрақты өсім көзіне айналдыруға болады. Біз экономикалық интеграцияны одан әрі дамытуға ниеттіміз. Тиімді, ашық әрі өркендеген Еуразиялық экономикалық одақ құру жолында жоспарлы түрде бірге жұмыс істеуге әзірміз", — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық форумда ChatGPT-дің теріс әсері туралы айтты.