Қазақстанда АИ-92 маркалы бензинді заңсыз шекара асырып шығаруға бағытталған 534 әрекетке тосқауыл қойылды. Барлық дерек "Өткізбеу" жедел-алдын алу іс-шарасы аясында анықталған, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бензинді ел аумағынан заңсыз шығармақ болған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, отынды тасымалдауға қайта жабдықталған көлік құралдарының елге қайта кіруінің 865 әрекеті анықталды.
Сондай-ақ, аталған операция бензинді заңсыз тасымалдау көлемін 50%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.
"ІІМ Әкімшілік полиция комитеті, ҰҚК Шекара қызметі және Мемлекеттік кірістер комитетінің экспорттық бақылауы арасындағы өзара үйлестіруді күшейту туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, мұнай өнімдерін заңсыз сыртқа шығаруға жол бермеу бағытында жүйелі жұмыс жалғасады", — делінген ведомство хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан 19 мамырдан бастап бензин, дизель отыны және басқа да мұнай өнімдерін ел аумағынан шығаруға тыйым салған еді.