Жыл соңына қарай құрылысты жасанды интеллект арқылы бақылау жобасы іске қосылады. Co-Pilot жүйесінде бірінші дрондар аумақты шолып, нақты орналасқан жер, қабат саны, құрылыс барысы сияқты мәліметтерді жинайды. Содан соң жасанды интеллект алынған деректерді талдап, бекітілген бас жоспармен салыстырады. Егер құрылыс жұмыстары уақытынан кешігіп жатса, қандай да бір өзгеріс болса базаға автоматты түрде тіркеліп, заңбұзушылықтар бірден жауапты органдарға жолданады.
Бұл туралы сала өкілдері айтты. Сонымен қатар, жер қойнауы және құрылыс салаларында цифрландыру жұмыстары жоғары деңгейде жүріп жатыр деді. Бүгінде қазба байлықтарды пайдалану бойынша 22 мемлекеттік қызмет бірыңғай платформаға көшкен. Лицензиялау, келісімшарт жасау, міндеттемелерді орындау сынды істер түбегейлі автоматтандырылған.
Жанат Дүбірова, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:
Цифрландыру бұл жалпы барлығын біріздендірудің тиімді жолы. Құрылыс саласында да, өнеркәсіп саласында да заманауи технологияны қолдану арқылы жұмысты жеңілдетіп әрі жүйелі жасауға болады. Мәселен, Co-Pilot жобасы болашақта құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға үлкен үлес қоспақ. Цифрландыру арқылы азаматтарға қолайлы әрі ашық қызмет көрсету, инвестициялық тартымдылықты арттыру және мемлекеттік басқарудың тиімді моделін құра аламыз.
Ернұр Медет