Елдегі есірткі қылмыстарының барлығы дерлік интернет арқылы жасалып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Әрі көбіне шетелден ұйымдастырылады. Тек биылдың өзінде 9 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылып, есірткі жеткізудің 111 арнасы жабылған. Бас прокуратурада өткен үйлестіру кеңесінің отырысында заңсыз айналымға байланысты сын-қатерлер қаралып, оларды ұлттық және халықаралық деңгейде бейтараптандыру бойынша бірлескен шаралар әзірленді. Жиында халықаралық және үкіметтік емес ұйым өкілдері қоғам дертімен бірлесе күресуге дайын екендерін жеткізді. Бас прокурор уәкілетті органдарды трансұлттық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, есірткі жарнамасының жолын кесу бойынша қосымша шаралар қабылдауға шақырды. Өкініштісі, қылмыстың құрығына түсіп жатқандардың дені – жастар. Сондықтан профилактикалық жұмысты жандандыру міндеті тұр.

Нұржан Жақыпов, «Хақназар» қоғамдық қорының төрағасы:

- Бас прокуратураның үйлестіру кеңесінің отырысы үкіметтік емес ұйымдар үшін нашақорлықты емдеуге және алдын алуға қатысты бейінді министрліктердің бірінші басшыларымен байланыс орнатуға мүмкіндік. Халықаралық ұйымдармен де тәжірибе алмасамыз. Себебі, өкінішке қарай, нашақорлық проблемасына тап болғандар мемлекеттік органдарға жүгінуге құлықсыз. Өйткені есепке алуға тура келеді. Бірақ есірткіге еліткендерді өзімен өзін қалдыруға да болмайды. Міне, осындай түйткілде ортақ шешім шығаруға көмегі көп. Біз солай есірткіге тәуелді кісілерге анонимдік және тегін жәрдем береміз.