Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында үшінші рет жүректі трансплантациялау операциясы жасалды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бес сағатқа созылған күрделі операцияны кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев пен UMC «Жүрек орталығы» №2 кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Светлана Новиковаларға қоса, тәжірибелі анестезиологтар мен кардиохирургтар тобы бірлесе жасады.
Ал донор мәселесіне келетін болсақ, дәрігерлер Алматы қаласының Орталық қалалық ауруханасына түскен 40 жастағы ер адамның миы өлгенін растады.
Миы семген пациенттің жүрегі Алматы облысы Талғар қаласының тұрғыны 43 жастағы ер адамға трансплантацияланды. Ол ишемиялық кардиомиопатияға, жүре пайда болған жүрек дерті, митральды қақпақша қызметі мен 26% шығарылу фракциясы төмендеген созылмалы жүрек қызметінің жеткіліксіздігіне, 2022 жылы инфарктқа шалдыққан. Науқас аздап қимылдағанның өзінде ентігіп, жүрегі қызметін дұрыс атқармай, жалпы әлсіздік пен бас айналатын жағдайға жеткен. Жүргізілген ем-домдарға қарамастан, науқастың денсаулығы дұрысталмай, жүректің көп бөлігі тыртықтанып, жиырылмайтын жағдайға душар болған.
Трансплантацияға дейін де оған бірнеше рет стент қойылған, кардиовертер-дефибриллятор имплантацияланған екен. Аурудың қолайсыз болжамын ескере отырып, биылғы қаңтар айында UMC мамандары LVAD имплантациялау ұсынған, бірақ науқас бас тартады. Емдеуден еш нәтиже болмағандықтан жүрек трансплантациясын күту тізіміне қойылды.
«Жүрек трансплантациясы бүгінгі күні жүрек қызметі жеткіліксіздігінің соңғы сатысындағы науқастарды емдеудегі «алтын стандарты». Өкінішке орай, ондай пациенттердің саны жылдан жылға артып келеді. Ағза ауыстырудықажет ететіндердің барлығына трансплантация жасау мүмкіндігі шектеулі, себебі донорлық орган жетіспейді. Мысалы, 2025 жылғы 10 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда жүрек трансплантациясын күту парағында 139 ересек және 7 бала тұр», дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы Марат Пашимов.
«Науқас донорды көп күткен жоқ. Жүрек трансплантациясы сияқты операциялар көп адамның өмірін сақтап қалуға көмектеседі деп үміттенеміз», дейді клиника басшысы.
Марат Орынбасарұлы UMC «Жүрек орталығы» мен Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығына көмек пен қолдау көрсеткені үшін алғысымыз шексіз, деді.
Институттың кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев: «Жүрек трансплантациясы – соңғы сатыдағы жүрек қызметі жеткіліксіздігінің ең тиімді жолы. Бұл операция басқа емдеу қажетті нәтиже бермеген жағдайда жасалады. Қазір науқастың жағдайы тұрақты, жағдайы тәуір бола бастады. Реанимация бөлімшесінен бейінді бөлімшеге ауыстырылды. Енді ол ел қатарлы өмір сүруге мүмкіндік алды», деді.
Ал жоғарыда атап өткен донордың жүрегі ғана емес, сонымен қатар 2 балаға бүйрегі трансплантацияланғанын, сонымен қатар екі мөлдірқабықтары алынғанын айта кету керек.