Алматыда полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаровтың төрағалығымен 2025 жылдың 5 айындағы жедел-қызметтік қызметтің қорытындысы бойынша қорытынды кеңес өтті.
Ағымдағы көрсеткіштер, кемшіліктер қарастырылып, алдағы кезеңдегі басым бағыттар белгіленді. Жиналыста Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барлық құқық қорғау органдарының қатысуымен өткен кеңейтілген кеңесте атап өткен нұсқаулар жария етілді.
"Біздің міндетіміз – полицияны адамдарға жақын және түсінікті ету. Біз жұмысымыздың ашықтығы мен тиімділігін арттыруымыз керек. Әрбір полиция қызметкері өзінің Ант пен "Заң мен тәртіп" қағидатына адалдығын іс жүзінде күн сайын дәлелдеп отыруға міндетті. Тек осылай ғана қоғамның сенімін ақтап, азаматтардың шынайы қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз", – деді Арыстанғани Заппаров.
Спикердің айтуынша, соңғы бес айда қалада тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 7%-ға азайған. Көшедегі қылмыс пен ауыр қылмыстарды азайтудағы оң өзгерістер бөлек атап өтілді. Қылмыстың алдын алу саласында формальды тәсілден нақты белсенді жұмысқа көшу қажеттілігі айқындалды.
"Киберқылмыс пен интернет-алаяқтық өсуде және тіркелген қылмыстардың жартысынан астамын құрайды. Қаржы ұйымдарымен серіктестік пен халық арасында ақпараттық жұмысты күшейтудің маңыздылығын атап өтемін. Есірткі қылмысының ашылу көрсеткіші тұрақты болып қалуда, бірақ контрабанда арналары мен есірткі зертханаларын анықтау бойынша жұмысты күшейту қажет. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және ақпараттық-насихаттау жүйесін күшейту бойынша бөлімшелер арасындағы ынтымақтасу шараларын күшейтуге бұйрық беремін", – деді Алматы полициясының басшысы.
Жол қауіпсіздігі мәселесінде мопедтер мен электрсамокаттардың жүргізушілерін қадағалауға, жаңа жол қозғалысы ережелерін енгізуге, рейдтік-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруға баса назар аударылады.
Сонымен қатар көші-қонды бақылау басымдық болып қала береді. Жыл басынан бері шетелдіктердің қалада заңсыз болған жүздеген деректері анықталды.
Жиын соңында қызметтік тәртіпті, заңдылықты, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды күшейту және полиция қызметінің күнделікті қызметінде "Заң және Тәртіп" қағидатын одан әрі насихаттау бойынша тапсырмалар берілді.