Түрлі қалалардағы қазақстандықтар сапасыз сатып алынған баспана мәселесіне тап болуда. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті 26 маусымда ақауы бар пәтерлердің ақшасын қайтарып алуға әбден болатынын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы бес айында Сауда және интеграция министрлігінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеттері тұрғын үй сатып алу кезінде тұтынушылардың құқықтарын бұзуға қатысты бірқатар атышулы істерді қарап, реттеген. Өтемақының жалпы сомасы 86,4 млн теңге, қорғалған тұтынушылар саны 19 адамды құрады.

"Алматыда тұтынушы қабылдау кезінде сапасының елеулі ақаулары – құрылыс ақауларының болуы, жылу оқшаулау деңгейінің төмендігі, рұқсат етілген шу деңгейінен асып кетуі және т.б. анықталған пәтерді сатып алған соң ақшасын қайтаруға өтініш білдірді. Басқарма тарапынан көрсетілген құқықтық қолдаудың арқасында тұтынушыға 25,9 миллион теңге қайтарылды", – деп хабарлады комитеттегілер.

Шымкентте екі бөлмелі пәтерді сатып алушы келісім-шарт талаптарына сай келмейтін баспанаға қол жеткізді. Сатушы пәтерді ауыстыру немесе ақшаны қайтару туралы талапты қанағаттандырудан бас тартты. Аумақтық департамент тарапынан жүргізілген құқықтық көмек пен түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде тұтынушыға 27 млн ​​теңге қайтарылды.

"Қарағанды ​​облысында тұтынушы пәтерді 45 күн ішінде беру міндетімен сатып алу-сату шартын жасасты. Алайда тапсыру мерзімі бұзылған, мүлік пайдалануға дайын болмаған. Басқарма мамандары сотқа дейінгі талап-арызды дайындауға көмектесіп, одан әрі әрекет ету бойынша ұсыныстар берді, сонымен қатар құрылыс салушымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде тұтынушыға нарықтық құны 33,5 млн теңге болатын пәтер берілді", — деді басқармадағылар тағы бір оқиғаға қатысты.

Жалпы, 2024-2025 жылдары осыған ұқсас жағдайларда құрылыс саласында 52 тұтынушының құқығы қорғалды. Өтелген талаптардың жалпы сомасы 481,2 млн теңгені құрады.