Алматы қаласындағы Сайран көліне жасөспірім мен ересек ер адам батып кетті.
Қайғылы оқиға 25 маусымда болды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Адырна-ға сілтеме жасап.
Қалалық ТЖД мәліметінше, 109 қызметіне жасөспірімнің суға кеткені туралы хабар түскен соң, оқиға орнына сүңгуірлер келіп, 2007 жылы туған жігіттің денесін судан алып шыққан. Ал оның қасындағы тағы бір жасөспірім өз бетімен жағаға жүзіп шыққан.
Департамент сол күні кешке 1977 жылы туған ер адамның да батып кеткенін мәлімдеді. Куәгерлердің айтуынша, марқұм мас күйінде болып, тыйым салынған аумақта шомылып жүрген.
Төтенше жағдайлар департаменті Сайран көлінде шомылуға барлық құрылыс, санитарлық іс-шаралар аяқталғанға дейін және нысан ресми пайдалануға берілгенге дейін қатаң тыйым салынғанын хабарлады.
«Тыйым салу тәртібі бұзылған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес айыппұлдарды қоса алғанда, азаматтарға әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылатын болады. Қала тұрғындары мен қонақтарын судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға, сондай-ақ рұқсат етілмеген жерлерде шомылудан бас тартуға шақырамыз»,—деді қалалық ТЖД баспасөз қызметі.