Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Индонезияда есірткі саудасы бойынша күдікке ілініп, ұсталған Қазақстан азаматтарына қатысты сұрақтарға жауап берді
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бақаевтың айтуынша, Индонезия тарапы қазақстандық дипломаттарға еліміздің азаматтарының ұсталғаны жөнінде ресми түрде хабарлаған.
– Бұл дерек расталды. Қазір іс Индонезияның құқық қорғау органдарының қарауында, тергеу жүріп жатыр. Қашан ресми шешім қабылданады, сол кезде бізге ресми түрде хабарланады, – деді Бақаев.
Ол бұл іспен консул айналысып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан мен Индонезия арасында сотталғандарды өзара беру туралы келісім жоқ екенін айтты.
– 2014 жылдан бастап мұндай құжатты әзірлеу мүмкіндігі талқыланып келген. Алайда осыған дейін мұндай жағдай тіркелмегендіктен, келісімге қол қою кейінге шегерілді, – деді СІМ өкілі.