Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хайрулло Ибодзодамен, сондай-ақ тәжік аграрлық бизнес өкілдерімен кездесу өткізді.
Тараптар Тәжікстанға қазақстандық астық жеткізуді ұлғайту перспективаларын, астық нарығы бойынша ақпарат алмасу және аграрлық саладағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жолдарын талқылады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Келіссөздердің негізгі тақырыбы Қазақстаннан Тәжікстанға астық экспортының көлемін ұлғайту мәселесі болды. Орташа алғанда, Тәжікстанға жыл сайын шамамен 1 млн тонна астық жеткізіледі.
"Қазақстан темір жолы" ҰК " АҚ деректері бойынша 2024 жылдың қорытындысы бойынша Тәжікстанға астық экспортының көлемі 1,3 млн тоннаны құрады, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 20%-ға жоғары. 2024 жылдың қыркүйегі мен 2025 жылдың маусымы аралығында жаңа егіннен 1,2 млн тонна астық экспортталды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен бір жарым есе артық (823 мың тонна)", – делінген ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан ақпаратта.
Айдарбек Сапаров экспортты кеңейту мәселелерінде жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін растап, Қазақстанның Тәжікстанмен агроөнеркәсіптік кешен саласындағы әріптестігін нығайтуға мүдделілігін атап өтті.
Кездесу соңында министр аталған бастамаларды іске асыру сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін жаңа перспективалар ашатынын және Орталық Азия өңірінде азық-түлік тұрақтылығын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.