Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың археологиялық экспедициясы сақ дәуіріне жататын алтын әшекейлерді тапты. Тарих факультетінің деканы, профессор Досбол Байғонақовтың жетекшілігімен Алматы облысының Ұйғыр ауданында қазба жұмыстары жүргізілген, деп хабарлайды Zakon.kz.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тоғызбұлақ ауылының маңында ерте темір дәуіріне жататын қорғандар зерттелді. Мамандар ауылдың оңтүстік бөлігінде орналасқан және 20-дан астам қорғаннан тұратын Тоғызбұлақ-1 және Тоғызбұлақ-2 қорымдарында далалық зерттеулер жүргізді. Археологиялық нысандардың негізгі бөлігі тізбектеле орналасқан және солтүстіктен оңтүстікке бағытталған элиталық қорғандарға жатады. Тоғызбұлақ-2 қорымы ауылдың солтүстігінде орналасқан және жалпы саны 30-дан асатын түрлі қорғандардан тұрады.

"Тоғызбұлақ-1 қорымындағы далалық зерттеулер барысында төрт қорған, ал Тоғызбұлақ-2 қорымында екі археологиялық нысан қазылды. Тоғызбұлақ-1 қорымындағы №3 және №4 қорғандардың үйіндісінен алтын әшекейлердің табылуы айтулы жаңалық болды. №4 қорғаннан ер мен әйелдің сүйектері табылды. Сүйек қалдықтарының жанынан керамикалық ыдыстар, темір заттар, тас келсап, жануарлар сүйектері, алтын тізбектің сынығы, әртүрлі алтын пластиналар және т.б. табылды". Тарих ғылымының докторы, профессор Досбол Байғонақов

Алтын, сақина, жүзік, Алматы облысы, археологтар, сурет — Zakon.kz жаңалық 25.06.2025 21:05

№3 қорғанның үйіндісінен адамның сүйек қалдықтары, сондай-ақ алтын пластиналар табылды. Олардың арасында арыстанның суреті салынған алтын жүзік ерекшеленеді. Мұндай артефактілер сирек кездеседі. Салмағы 8 грамға жуық жүзік алтын құймасынан жасалған. Жүзіктегі арыстанның бейнесі синкретизммен тығыз байланысты. Бір қарағанда әйелдің жүзін, арыстанның тұмсығы мен жалын, тіпті бұқаны, қошқарды көруге болады, олардың таңбасы ежелгі тайпаларда кең тараған. Мамандардың айтуынша, мұндай жерлеу орындары мен артефактілер Қазақстан аумағында мекендеген сақ тайпаларына тән. Табылған қазбалар шамамен б.з.д. IV-III ғасырларға жатады.

"Тоғызбұлақ-1 және Тоғызбұлақ-2 қорымдарынан табылған заттар ерте темір дәуірімен мерзімделеді және қазіргі Ұйғыр ауданының аумағы сақ мәдениеті орталықтарының бірі болғанын дәлелдейді", делінген университет хабарламасында.

Бұған дейін мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 90 жыл толуына орай өткен салтанатты жиынға қатысқанын жазғанбыз.