Өткен жылдан бері Ақмола облысында полициямен бірлесе отырып, облыс әкімдігі бастаған «Зиялы қауым» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы .

Бүгінде бұл бастама мемлекет басшысы қолдаған «Заң және тәртіп» жобасы аясында жалғасын табуда.

Бағдарламаның басты мақсаты — ауыл тұрғындарын жергілікті мәселелерді шешуге белсенді араластыру және учаскелік инспекторларға құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге көмектесу.

Ауылдық әкімдіктердің қолдауымен өңірде 138 Қоғамдық кеңес құрылды. Олардың құрамына 840 беделді ауыл тұрғыны кіріп, қауіпсіздікке қатысты проблемаларды анықтауға және шешуге, ауыл халқының атынан ұсыныстар енгізуге атсалысуда.

Кеңес мүшелері сонымен қатар құқық бұзбау мәдениетін насихаттап, салауатты өмір салтын дәріптейді, құқық бұзушылықтардың себептерін талдап, тәртіп бұзуға бейім азаматтармен алдын алу жұмысын жүргізеді. Осындай азаматтардың әрекеттері кеңес отырыстарында талқыланып, оларға тәрбиелік ықпал жасау көзделген.

Бағдарламаға облыстың барлық аудандары қолдау білдірді.

98 ауылда қылмыс деңгейі тұрақталып, қайталанған құқық бұзушылықтар тіркелмеген.

32 елді мекенде алкоголь өнімдерін сатудан толығымен бас тарту туралы шешім қабылданды.