Депутат бірқатар ұсыныс тастады.

Мәжіліс депутаты Руслан Қожасбаев туризм саласындағы шағын және орта бизнестің мәселесін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Цифрлық технологиялар мен платформалық экономиканың тез дамып жатқан кезеңінде біз үшін маңызды міндет тұр. Ол инновация мен әлеуметтік әділеттіліктің, технология мен шағын бизнестің мүдделері арасында тепе-теңдікті сақтау. Бүгін мен мыңдаған қазақстандық кәсіпкерді алаңдатып отырған мәселені көтергім келеді. Бұл – туризм саласы. Бұл жай ғана бизнес емес, бұл – адамның сезімі, сенімі, арманы мен жоспары. Бірақ дәл осы салада біз нарықты шайқалтып жатқан қауіпті өзгерістерді көріп отырмыз", – деді депутат.

Сөзінше, туризм саласындағы шағын және орта бизнес нарыққа банктермен байланысты ірі цифрлық платформалар белсенді түрде кіріп жатқанына алаңдаушылық білдіріп отыр.

"Олар туристік пакеттерді тұтынушылық несие ретінде рәсімделетін бөліп төлеу түрінде, яғни "пайызсыз" қарыз деп ұсынуда. Мұндай шарттар тұтынушылар үшін өте тартымды әрі сұранысты арттырып отыр. "Қамқор" қорының дерегінше, осындай бір ғана оператордың нарығы 50 пайыздан асып кеткен, бұл компанияның үстем жағдайға ие екенін көрсетеді және мұндай нарықты реттеуді қажет етеді. Цифрлық платформалардың тұтынушыларын бірнеше компания ғана өңдейді, ал Қазақстандағы мыңдаған шағын туристік агенттіктер бұл жүйеден тыс қалып отыр. Шетелде күтпеген жағдайлар туындаған жағдайда, азаматтар көп жағдайда өз мәселесімен жалғыз қалады. Себебі туристік пакет сатқан цифрлық платформа жауапкершілікті өз мойнына алмайды", – деді Руслан Қожасбаев.

Депутат бірқатар ұсыныс тастады.

"Туристік өнімдерді несиеге ұсынатын банктермен байланысы бар цифрлық платформаларға бәсекелестік, тұтынушылардың құқығын қорғау және кәсіпкерлік туралы заңдарға сәйкестігі тұрғысынан ведомствоаралық талдау жүргізу. Туристік пакеттерді маркетплейстерде несиеге және "бөліп төлеу" түрінде сатуға шектеу қою немесе тыйым салу мүмкіндігін қарастыру", – деді Мәжіліс депутаты.