Қытайдың «Луджун Чэнбао» басылымының мәліметінше, 24 маусым күні таңғы шамамен 07:40-та Гуйчжоу провинциясына қарасты Санду уезінде G76 автомагистраліндегі Хоучжыхэ көпірінің кіреберіс бөлігі опырылып түсті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Оған ұзаққа созылған жауын-шашын салдарынан болған таулы жыныстардың сырғуы себеп.

Әлеуметтік желіде тараған видеодан оқиға кезінде көпір үстінде қызыл жүк көлігі қалып қойғанын көруге болады. Нақтырағы оның алдыңғы бөлігі ауада ілініп қалса, жүргізуші кабина ішінде қалып қойған.

«Луджун Чэнбао» мен Гуйчжоу провинциясының Көлік басқармасы таратқан ақпаратқа сәйкес, өрт сөндірушілер жүргізушіні аман-есен құтқарып үлгерді. Оқиға орнында қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

Сонымен қатар көпір астында жақын маңдағы ауылдарда құрылыс жұмыстарын жүргізетін ұйымдарға тиесілі үш көлік тұрғаны анықталды. Алайда дрон көмегімен жүргізілген тексеріс нәтижесінде бұл көліктердің ішінде ешкім болмағаны расталды.

Төтенше жағдайлар қызметі, полиция мен көлік басқармасы оқиға орнына жедел жетіп, құтқару жұмыстарын үйлестіріп, айналма жолдарды ұйымдастыруда. Қазіргі уақытта көпірдің опырылу себептері тексерілуде.