Ай нұрлы, ару сипатты Айыртау көлінің шығыс жақ жаға­ лауындағы «Сокол» балаларды сауықтыру орталығы алты жыл үзілістен кейін күрделі жөндеуден өткізіліп, қайтадан жұмыс істей бастады.

Ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айт­­­баев өңір басшысы Марат Ахметжановтың құттықтауын жеткізіп, балалардың тамаша табиғат аясында тынығуына сәттілік тіледі.

Төл тарихымыз тұнып тұрған тамаша өлкеде жаңадан дос тауып, таза ауа жұтып, мөлдір суға шомылып, жадыраған жаз қызығын көру бір ғажап. Мұны болашаққа жасалып жат­қан қамқорлық деп есептеуге әбден болады, – деді ­о­б­­лыс әкімінің орынбасары.

Көкшетау қаласынан келген балалар топтарының жетек­шілері оқушылармен бірден тіл табысып кетіпті. Ортақ та­қырып та аз емес. Мәңгі жасыл қарағайлар мен ақ қайыңдар көм­­керген, тостағанға құйған судай толықсып жатқан көл жаға­сында көкіректеріне құйып алар сан алуан әдемі де әсерлі сыр бар. Бала көңілі байқағыш. Әр нәрсені білгісі келеді. Майда толқындары бірін-бірі қуалап, жағалауға асыққан көл жағасында тұрып шүйіркелескен балалар көз тойдырар көркем табиғаттың келісті келбетін жас жандарына көшіріп алғысы келетіндей. Жетекшілер «Думан» педагогикалық отрядынан екен. Алғыр, білімді, ең бастысы бойларында өз істеріне деген сүйіспеншілік бар. Жоспар­ларымен де бөлісіп жатыр. Алдағы уақытта балалардың рухани кеңіс­тігін көркей­тетін мазмұнды бай­қаулар өткіз­бек, спорт жарыстары ұйым­дас­тырылмақ. Кешкі­лік таби­ғат аясында жиналып, қызық­ты әңгімелер өрбітпек. Ол әңгі­мелердің негізгі бағыты туған жер туралы. Әр перзенттің туған жерге қызмет етуі керектігі хақында. Сондай-ақ сұлу таби­ғатты сақтау үшін қызмет ету жа­йында. Балалардың басым бөлігі Астанадан келіпті. Екібастұздан жеткендер де бар.

– «Сокол» бұл ең жақсы лагерь. Мен бірнеше күн болдым, енді кеткім де келмей қалды. Қа­зірдің өзінде жаңа достарыммен қалай қоштасамын деп уайым­дап жүрмін, – дейді Астана қала­сынан келген 8-сынып оқу­шысы Нұрайым Берден.

«Сокол» балалар лагері «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орна­ласқан. 6,3 гектар жерді алып жатыр. 320 орындық еліміз­дегі ең ірі лагерьлердің бірі 1963 жылы пайдалануға берілген. Уақыт өте келе, бір мекемеден бір мекемеге ауысып, тек 2002 жылы ғана білім саласына берілді. 2020 жылы қызметі біршама тозуына байланысты тоқтатылды. 2024 жылғы ­50 бала­ларды сауықтыру лагерін жаңғырту бағдарламасына сәй­кес «Нұрмұқанов» жеке кәсіп­керлігінің сенімді басқаруына ­15 жылға берілді.

Бірер айдың ішінде нысан жаңарып сала берді. Лагерь директоры Арғын Азбаевтың айтуына қарағанда, толық жаңартылған. Жатын корпусы, асхана, клуб, барлығы мұқият жөнделген. Тіпті бұрынғы нысанның қабыр­ғасы ғана қалған, өзгесі түгел жа­ңар­тылыпты. Жаңа қазандық орна­тылған, алдағы уақытта лагерь жыл бойы жұмыс істемек.

Санитарлық-эпидемиялық жағ­дайы талапқа сай. Ұзақ жылғы үзілістен кейін есігін айқара ашқан сауықтыру орны алғашқы кезекте 275 бала­ны қабылдапты. Жыл соңына дейін 8-15 жас аралығындағы екі мың балаға қызмет етпек. Лагерьдің жаңаруы – мемлекет пен жеке бизнестің бірлесе жұмыс істеуінің нәтижесі.

Ақмола облысы