Бүгін, 24 маусым күні Италияда өткен әйгілі Giro dell’Appennino біркүндік веложарысында XDS Astana Team өкілі Диего Улисси топ жарды.
198,5 шақырымға созылған жарыс Нови-Лигуреден басталып, Генуя қаласында мәресіне жетті. Улисси жарыстың шешуші сәтін дәл сезініп, Pietralavezzara асуынан кейінгі еңісте шабуылға көшті. Бұл мәреге дейін әлі 37 шақырым бар кезде жасалған тәуекелді қадам еді. Алайда ол сол сәттен бастап тізгінді қолдан бермей, Madonna della Guardia төбесінен өтіп, Генуяда мәреге жеке дара келді.
Оның уақыт көрсеткіші – 5 сағат 3 минут 35 секунд. Екінші болып 8 секунд айырмашылықпен украиналық Андрий Пономар келсе, үшінші орынды елордалық команданың тағы бір шабандозы Симоне Веласко (+13 сек) еншіледі.
Бұл жеңіс Улисси үшін маусымдағы алғашқысы. Сонымен қатар, XDS Astana Team үшін 2025 жылғы 19-шы жеңіс болып тіркелді.
35 жастағы велошабандоз мұндай жетістігімен Giro dell’Appennino тарихындағы ең жасы үлкен жеңімпаздардың біріне айналды.