Рекордтық температура электр қуаты мен теміржол қозғалысына да кері әсерін тигізді.
АҚШ-тың солтүстік-шығысы мен Орта Батысында бұрын-соңды болмаған аптап ыстықтан ондаған миллион адам зардап шегіп отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Демалыс күндері жарияланған аптап ыстық туралы ескертулер апта бойы өз күшінде болады. Шығыс жағалауда ылғалдылықпен қосылған ыстық ауа райы 43°C-қа дейін "сезілуі" мүмкін. Ұлттық метеорологиялық қызмет түнде де ауа температурасы төмендемейтінін ескертті.
Дүйсенбі күні қауіпсіздік мақсатында кейбір пойыздар жолда тоқтатылды. Amtrak компаниясы ауа температурасы 35°C-тан асқанда пойыз жылдамдығына шектеу енгізілетінін хабарлады. Ал рельстер 54°C-қа дейін қызса, жылдамдық одан әрі төмендетіледі.
Дәрігерлер ашық аспан астында жұмыс істейтін адамдар үшін жұмыс кестесін өзгертіп, жиі үзіліс жасап, су ішіп отыруды ұсынды. Сонымен қатар, күн өту мен сусыздану белгілеріне мұқият болуға кеңес берді.
Электр желілерінің операторлары энергияға сұраныс күрт артатынын ескеріп, станцияларға жүктемені барынша көтеруге дайын болуды тапсырды. Себебі тұрғындар кондиционер мен желдеткіштерді барынша пайдаланады.
Сейсенбі күні Нью-Йорк қаласында температура 36°C-қа дейін көтеріледі деп болжанып отыр – бұл осы күнге дейінгі рекордтан асып түспек.
Ғалымдар мұндай экстремалды ауа райы құбылыстары жаңа қалыпты жағдайға айналып келе жатқанын айтады. Енді климаттың ең ауыр салдарларынан қорғалмаған өңірлер туралы түсінік те өзгеруі мүмкін.
Аптап тек АҚШ-та ғана емес, Ұлыбританияда, Қытайда және тіпті Аляскада да байқалды. Арктикалық аймақтарда алғаш рет аптап туралы ескертулер жарияланды.
Климаттың өзгеруіне байланысты экстремалды ыстық – адам өміріне ең қауіпті ауа райы құбылысы саналады. Ол су тасқыны мен дауылдардан да қатерлі. Өткен жыл – адамзат тарихындағы ең ыстық жыл ретінде тіркелді. Сарапшылардың болжамынша, алдағы ондаған жыл бойы температура көтеріле бермек. Себебі парниктік газдардың шығарындылары азаймай отыр.
Аптап ауыл шаруашылығына, малға, энергетикаға, сондай-ақ орман өрттерінің жиілеуіне экономикалық тұрғыдан зор зиян келтіреді. Бұл жағдай коммуналдық, медициналық және көлік жүйелерінің жұмысына да кедергі келтіруі мүмкін.
Айта кетейік, Қазақстан да климаттың өзгеруінен қатты зардап шегіп отырған елдердің қатарында. Соңғы 50 жылда елімізде жерге жақын ауа температурасы әр он жыл сайын орта есеппен 0,32°C-қа көтеріліп келеді – бұл жаһандық көрсеткіштен (0,18°C) әлдеқайда жоғары.