ҚР Атом энергиясы агенттігінің төрағасы 2025 жылғы 9 маусымдағы бұйрықпен "Қазақстан Республикасы Атом энергиясы Агенттігінің атомдық қадағалау және бақылау комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекітті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Комитет өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ Агенттігінің Ережесіне және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

Комитет ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша өз бетінше шешім қабылдайды, өз қызметінде Қазақстан Республикасының заңнамасын, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттық және өзге де міндеттемелерінің нормаларын, оның ішінде Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен келісімдер шеңберіндегі нормаларды басшылыққа алады.

Комитет қызметін қаржыландыру ҚР заңнамасына сәйкес республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

Функциялары:

  • өз құзыреті шегінде атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді;
  • атом энергиясын пайдалану саласындағы реттеушілік, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асырады және өз құзыреті шегінде Агенттіктің стратегиялық функцияларын орындауға қатысады;
  • мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді;
  • құзыреті шегінде жеке және заңды тұлғалардың қызметіне бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады;
  • өз құзыреті шегінде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
  • өз құзыреті шегінде лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асырады;
  • рұқсат беру бақылауын жүзеге асырады;
  • жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін талдау, бағалау және бақылау нәтижелері бойынша шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді;
  • Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындайды;
  • атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;
  • ядролық қондырғылардың, радиациялық көздердің, радиоактивті материалдарды сақтау пункттерінің терроризмге қарсы қорғалуының жай-күйін, ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды, радиоактивті қалдықтарды бірыңғай мемлекеттік есепке алу және бақылау жүйелерін бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады, өндірістік объектілердің терроризмге қарсы қорғалуы жай-күйінің мониторингін ұйымдастыруға қатысады;
  • радиациялық қауіпсіздік нормалары мен қағидаларын, лицензиялар шарттарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
  • белгіленген құзырет шеңберінде атом энергиясын пайдалану саласындағы техникалық регламенттер талаптарының сақталуын Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде айқындалған тәртіппен мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;
  • Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 132-бабының 2-тармағына сәйкес мемлекеттік бақылау және қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) қызметіне қойылатын талаптарды белгілейді;
  • Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын әзірлейді;
  • Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес атом энергиясын пайдалану саласындағы тексеру және профилактикалық бақылау нысанында мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
  • атом энергиясын пайдалану саласында тергеп-тексеру жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
  • бұзылуы жедел ден қою шараларын қолдануға алып келетін талаптардың тізбесін, сондай-ақ талаптарды нақты бұзушылықтарға қатысты жедел ден қою шарасының нақты түрін осы шараның қолданылу мерзімін (қажет болған кезде) көрсете отырып әзірлейді;
  • Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтарға қатысты жедел ден қою шараларын қолданады;
  • атом энергиясын пайдалану саласында лицензиялануға жататын ядролық материалдар, радиоактивті заттар және электрофизикалық қондырғылар үшін алып қою деңгейлерін әзірлейді;
  • өз құзыреті шегінде азаматтық қорғау іс-шараларын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді;

Комитетке басшылықты Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын төраға жүзеге асырады.

Сондай ақ Комитеттің аумақтық органдарының тізбесі бекітілді:

  • ҚР Атом энергиясы агенттігінің Атом қадағалау және бақылау комитетінің Батыс өңіраралық инспекциясы;
  • ҚР Атом энергиясы агенттігінің Атом қадағалау және бақылау комитетінің Оңтүстік өңіраралық инспекциясы;
  • ҚР Атом энергиясы агенттігінің Атом қадағалау және бақылау комитетінің Шығыс өңіраралық инспекциясы.

Бұйрық 4 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.