Соңғы төрт жылда мобильді банкингті қолдану 460 пайызға өскен.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 37-ші пленарлық отырысында Қазақстанның көлік инфрақұрылымын кешенді жаңғырту арқылы стратегиялық транзиттік хаб ретіндегі мәртебесін нығайтуға баса мән беретінін жеткізді.
"Жоспарға сәйкес, 2029 жылға дейін 11 мың шақырым темір жол жаңғыртылып, жаңа 5 мың шақырым темір жол салынбақ. Биыл "Достық – Мойынты" учаскесінде жалпы ұзындығы 830 шақырым болатын темір жол іске қосылады. Жоспарланған мерзімінен екі жыл бұрын пайдалануға берілген стратегиялық маңызды бағыт өткізу қабілетін бес есе арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ "Дарбаза – Мақтаарал", "Мойынты – Қызылжар", "Алтынкөл – Жетіген" секілді бірқатар дәліздерді кеңейтуді көздеп отырмыз. Аталған жобаларды жүзеге асыру арқылы Қазақстанның темір жолдары арқылы өтетін жүк көлемін ұлғайтуға мүмкіндік аламыз. Сонымен қатар автожол инфрақұрылымының сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жұмыстар атқарылып жатыр. Былтыр "Талдықорған – Өскемен", "Қарағанды – Алматы" және "Ақтөбе – Атырау – Астрахан" сияқты үш халықаралық ірі автожол қолданысқа берілді. Осылайша, еліміздегі халықаралық автокөлік дәлізі 1600 шақырымға артты. Бұл 2023 жылы ел игілігіне берілген жолдардан екі есе көп. Биыл Қазақстан бойынша 13 мың шақырымнан астам автожол салынып, жөндеу жұмыстары жүргізіледі", – деді президент.
Сондай-ақ, Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа халықаралық терминалдар ашылып, олардың өткізу қабілеті алты есе ұлғайды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның БҰҰ рейтингінде цифрландыру көрсеткіші бойынша әлемдегі көшбасшы 30 елдің санатына кіретінін еске салды. Президент 2018 жылдан бері елдегі финтех-компаниялар саны 4 есеге артқанын, криптобиржалар мен төлем жүйелерін қоса алғанда "Астана" халықаралық қаржы орталығында тіркелген компаниялар саны 4 мыңнан асқанын айтты. Мемлекет басшысы халықаралық серіктестерді цифрлық және жасанды интеллект инфрақұрылымдарын дамыту бағытында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
"АХҚО Шығыс Еуропа мен Орталық Азия бойынша Жаһандық қаржы орталықтары индексінде бірінші орынды иеленеді. Сондай-ақ жасыл және цифрлық қаржы бойынша өңірде көшбасшы саналады. Еліміздегі транзакциялардың 89 пайызы қолма-қол ақшасыз жүзеге асырылады. Ал соңғы төрт жылда мобильді банкингті қолдану 460 пайызға өскен. Біз CryptoCity жаңашыл пилоттық аймағын құруды жоспарлап отырмыз. Онда тауар сатып алуға, қызметтер мен басқа да мақсаттарға криптовалютаны пайдалануға болады. Еліміз үшін жасанды интеллектіні ілгерілетудің стратегиялық маңызы зор. Жасанды зерде мемлекеттің болашақ дамуының, бәсекеге қабілеттілігінің және цифрлық егемендігінің басты факторы", – деді мемлекет басшысы.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет пен жеке сектор арасындағы ұзақмерзімді өзара тиімді ынтымақтастық тұрақты және инклюзивті экономикалық өсімді қамтамасыз етуде басты рөл атқаратынына сенім білдірді.