ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі негізгі ҰБТ-ның аралық қорытындыларын жариялады. Негізгі ҰБТ басталған — 16 мамырдан бері 268 мыңға жуық тестілеу өткізілді. Талапкерлердің 74%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 26%-ы орыс тілінде, 221 адам ағылшын тілінде тапсырды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бес аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 70%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 66-ны құрады. Ең жоғары нәтиже – 140 балл – Түркістан облысынан Жәнібек Әбілхан бірінші аптада көрсетті.
"ҰБТ-ны өткізудің төрт аптасында 423 ереже бұзушылық анықталды. 210 талапкер смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 212 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды, ал 1 адамның сертификаты тестілеу бейнежазбасын тексеру нәтижесінде жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ", делінген министрлік хабарламасында.
Қазіргі таңда тестке қатысушылардың басым бөлігі, атап айтқанда, 18%-ы "Математика-Физика", 15%-ы "Биология-Химия" пәндер комбинациясын тапсырды. 14%-ы "Шығармашылық емтихан" комбинациясын таңдаған.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға 649 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн.
"Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады. 2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады", делінген министрлік хабарламасында.
Естеріңізге сала кетсек, тестілеуге қатысуға 216 мың талапкерден 399 мыңға жуық өтініш келіп түсті.
Бұған дейін 2025 жылғы негізгі ҰБТ-ға өтініштер қабылдау қашан басталып, қашан аяқталатыны хабарланған.