Қазақстандық рэпер, Ninety one тобының мүшесі Дулат Мұхаметқалиев (ZAQ) "Айқап" подкастына сұқбат беріп, отбасындағы ең ауыр әрі ең бақытты сәттердің бірі – қызы Айриннің дүниеге келуі туралы алғаш рет айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Музыканттың айтуынша, Айрин табиғи босану кезінде маңдаймен келген. Бұл медициналық тәжірибеде өте сирек кездесетін, әрі ана мен бала үшін аса қауіпті жағдай.
"Бізде Айрин өмірге маңдаймен келді. Негізі бала желкемен туылуы керек. Мұндай жағдайда ашылу 14 см-ге дейін жетуі тиіс екен, ал бұл – физиологиялық тұрғыда мүмкін емес нәрсе", – деді ZAQ.
Босану процесі кезінде УЗИ-де бұл күрделі жағдай анықталмай, отбасын «бәрі дұрыс» деп босану бөліміне жіберген. Жадыраның денсаулығы үшін де босану қауіпті болған – жүрегіне бұған дейін ота жасалып, кардиологтар оған табиғи жолмен босануға болмайды деп кеңес берген.
"Акушердің өзі: "Мұндайды бірінші рет көріп тұрмын",-деді. Бір уақытта "кіндігі оралып қалған!" деген дауыс шықты. Қызымның кіндігі үш жерден оралып қалған екен. Бірақ дәрігерлер шұғыл әрекет етіп, қызымды аман-есен алып шықты", – деп еске алады ZAQ.
Босанғаннан кейін Жадыра есінен танып, 10 күн бойы роддомда қалпына келу процесінен өтті. Қан құю қажет болса да, фобия салдарынан ол бас тартқан. Осы кезеңде ZAQ жаңа туған сәбиіне өзі қамқорлық жасап, Жадыраның күтімін де қатар алып жүргенін айтты.