Мұндай ерекше жаңалықты француз ғалымдары бірінші болып анықтаған.

Дүниежүзіндегі қаны тек өзімен ғана үйлесетін жалғыз адам Кариб теңізіндегі Гваделупа аралында тұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Францияның Қан институты (EFS) әйелдің жаңа қан тобы жалғыз белгілі тасымалдаушы екенін мәлімдеп отыр. Ғылыми бірлестік осы уақытқа дейін 47 қан тобы жүйесін анықтаған. Қазіргі кезде қан тобына "Gwada negative" деген атау берілген.

Әлемдегі бір ғана қан тобының иесі ойда-жоқта ота алдындағы жоспарлы тексеріс кезінде қан тапсырыпты. Ерекше антидене табылған науқас әйел Парижде тұрады, жасы – 54-те.

EFS ұйымының медициналық биологы Тьерри Пейрар AFP агенттігіне берген сұхбатында бұл жаңалыққа өзі де қатысқанын әрі таңғалғанын айтты.

– Бұл әйел – сөзсіз, әлемдегі жалғыз белгілі жағдай. Дүниежүзінде ол – қаны тек өзімен ғана үйлесетін жалғыз адам, – деді биолог.

Ғалымның сөзінше, әйелдің әкесінде де, анасында да мутацияланған ген болған. Әйел ерекше қан тобы болуына сол әсер етсе керек-ті.