Сондай-ақ, 4,5 мың адам жарақат алды.
Бұл мәліметтерді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде атады.
"Сіздер қылмысқа қарсы күрес пен қоғамдық тәртіпті сақтау ісін өмірлік миссия ретінде таңдап, адал қызмет етіп келесіздер. Бұл – қиындығы көп болғанымен, елге қажетті әрі абыройлы жұмыс. Осы күрделі жолды нағыз отаншыл адамдар таңдайды. Сіздер әр азаматтың жайлы өмір сүруіне, бизнестің тұрақты дамуына, балалардың бақытты әрі алаңсыз өсуіне орасан зор үлес қосып жүрсіздер. Еліміздегі ірі қалалармен қатар, шалғай елді мекендердегі қоғамдық қауіпсіздік – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тынымсыз еңбегінің арқасы. Осындай тұрақтылық пен тыныштықтың артында Заң мен тәртіп үшін жасалған ерен ерлік бар. Халқымыз құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ерлігін бағалайды, мақтан тұтады, әрқашанда қолдайды", – деді құқық қорғау қызметкерлеріне қарата сөйлеген президент.
Ол сөз барысында жақында күштік құрылымдар Алматы облысында ірі есірткі зертханасын жойғанын, сонымен бірге Маңғыстау облысында трансұлттық деңгейдегі ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталғанын еске алды.
"Соның нәтижесінде есірткі бизнесіне мықты тосқауыл қойылды. Арнайы операцияларға қатысқан мамандар жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Сіздердің күнделікті жұмыстарыңыз қауіп-қатерге толы. Өкінішке қарай, Тәуелсіздік жылдарында 842 азамат қызметтік міндетін орындау кезінде қазаға ұшырады, 4,5 мың адам жарақат алды. Бүгін біз қаза болған ерлеріміздің жақындарына марапат тапсырамыз. Ержүрек сақшылардың ерлігі халыққа жанқиярлықпен қызмет етудің үлгісі ретінде жұртымыздың жадында сақталуға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз:
Ел ішінде жоғары құқықтық мәдениет қалыптасып келеді – Қасым-Жомарт Тоқаев